Астанада АӨСШК штаб-пәтеріне уақыт капсуласы салынған тас қаланды

3927
Фотосурет: Gov

Астанада АӨСШК штаб-пәтерінің «алғашқы тасын қалау» рәсімі және Ұйымға төраға елдерінің консультативтік кездесуі өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің дербес штаб-пәтерінің «алғашқы тасын қалау» және Хатшылықтың болашақ қызметкерлеріне жолдауы салынған «уақыт капсуласын» салу рәсімі өтті.

Іс-шара ҚР Парламент Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспанның, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаевтың, АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбайдың, Тәжікстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Насредин Исматуллоның, Әзербайжан Сыртқы істер министрлігінің Өңірлік қауіпсіздік департаментінің директоры Азер Мұсаевтың және АӨСШК мүше мемлекеттерінің дипломатиялық миссия басшыларының қатысуымен өтті.

Сонымен қатар бұл күні Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ә.Бақаевтың төрағалығымен Азия кеңесінің қазіргі, бұрынғы және келесі төрағалығы өкілдерінің консультативтік кездесуі өтті. Отырысқа 2018-2020 жылдары Азия кеңесіне төрағалық еткен Тәжікстанның және 2024-2026 жылдары ұйымның болашақ төрағасы ретінде Әзербайжанның өкілдері қатысты.

Атап айтқанда, Тәжікстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Н.Исматулло және Әзербайжан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Өңірлік қауіпсіздік департаментінің директоры А.Мусаев, сондай-ақ АӨСШК Бас хатшысы Қ.Сарыбай консультацияларға белсенді қатысты.

Ә.Бақаев бұл форматтағы консультациялар ауысатын төрағалықтардың қызметінде сабақтастық пен жүйелілікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ ұйымның ұзақ мерзімді әрі стратегиялық мақсаттарын жүзеге асырудағы сабақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Кездесу барысында Ә.Бақаев қатысушыларды Азия кеңесіндегі Қазақстан төрағалығының басымдықтарын іске асырудағы жетістіктері мен ағымдағы жағдайы туралы, сондай-ақ АӨСШК-ні халықаралық ұйымға трансформациялау жөніндегі іс-шаралардың орындалу барысы туралы хабардар етті.

Тараптар ұйымның стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру тетіктерін талқылап, АӨСШК-ні одан әрі трансформациялауды тежейтін мәселелерді шешу жолдары бойынша пікір алмасты.

Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар төрағалықтың Әзербайжан Республикасына өтуіне дейін осындай форматта консультацияларды жалғастыруға келісті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -