Азия чемпионатында қазақстандық мушкетерлердің алтын жеңісі

13607
Фотосурет: ҚР Ұлттық Федерациясы

Қазақстандық шпагашылар Азия чемпионатының тұғыр биігіне қайта оралды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Шпагамен семсерлесуден Қазақстан ерлер құрамасы Кувейтте өтіп жатқан Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Руслан Курбанов, Эльмир Алимжанов, Вадим Шарлаимов пен Ерлік Сертай чемпиондық атақты арада 9 жыл өткен соң қайтарып алды.

«Қаншама жыл өткен соң, біз Азияның алтынын Қазақстанға қайтардық. Бұл маусым біздің құрама тарихындағы ең сәтті кезеңдердің бірі. Бұл нәтижелер кездейсоқ емес. Біздің командада, дайындық пен стратегияда өзгерістер орын алды. Ференц Тотпен бірлескен жұмыстың жемісі мол болды. Біз жеңіске жету үшін моральдық тұрғыдан дайын бола бастадық. Сондықтан, дәл осындай жеңістердің заңды екенін, Токио Олимпиадасының жеңімпазы Жапония құрамасын жеңу де кездейсоқ еместігін түсіндік» Эльмир Алимжанов, құрама капитаны

Қазақстандық шпагашылар Азия чемпионатындағы алғашқы кездесуде Катарды 45:18 есебімен, ширек финалға жолдама беретін жекпе-жекте Қырғызстанды 45:32 есебімен жеңді. Жартылай финалда біздің спортшылар Гонконгтан он ұпай басым түсіп, 44:34 есебімен жеңіске жетті. Олимпиада чемпионы Жапония құрамасымен өткен кездесу тартысқа толы болды. Қиынға соққан кездесуде қазақстандық нояндар нағыз бабында екенін көрсетіп, 2024 жылғы Азия чемпионы атағына қол жеткізді. Есеп – 40:34.

Ұлттық құраманың мұндай деңгейге шығуына не себеп болғанын кеңесші бапкер Ференц Тот түсіндірді.

«Алты жылға жалғасқан дайындық кезеңінде біз команданың техникалық деңгейін арттырып, әрбір шпагашының әдіс-тәсілдерін арттырдық. Олардың барлығы да әртүрлі, бірақ олардың бәрінде де керемет күш бар. Біз осы күшті дұрыс пайдалануды үйрендік және жақсы стратегияның арқасында соңғы кезде нәтижемізді жақсарттық. Дайындықтың келесі кезеңі менталдық деңгейді дамытуға арналды. Біздің командада бәрі бір-бірін жақсы түсінеді, бір-біріне сенеді. «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деген ұран Қазақстан құрамасына арналғандай. Жарыс алдында мен команданың жай ғана демалуына рұқсат бердім» Ференц Тот, кеңесші бапкер

Айта кетелік, қазақстандық шпагашылар Париждегі Олимпиада ойындарына жолдама алды. Ел намысын тұтас команда қорғайды. Олимпиада қарсаңында жапондықтарды жеңу біздің құрама үшін стратегиялық тұрғыдан маңызды.

«Финалда Жапонияны жеңіп, Олимпиада алдындағы әлемдік рейтингті нығайту әрі біздің құраманың ауыр әрі қиын кезеңдердегі психологиялық дайындығын тексеру біз үшін маңызды болды. Барлығы да бұл тексеруден сәтті өтті» Руслан Курбанов

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -