Фараби мұрасы: Қазақстан мен Иран бірлескен ғылыми орталық құрады

4268
Фотосурет: Gov

 Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Елшісі Оңталап Оңалбаев бастаған делегация ЮНЕСКО қамқорлығындағы Орталық және Батыс Азиядағы Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі өңірлік ғылыми-зерттеу орталығы (Орталық) Басқарушы кеңесінің 6-шы сессиясына қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.

О. Оңалбаев іс-шарада сөйлеген сөзінде Қазақстан мен Иранның екіжақты мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастығын дамытудың маңыздылығына назар аударып, 2022 жылғы 19 маусымда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Иран Жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеимен кездесуі барысында Фараби мұрасын зерделеу жөніндегі бірлескен ғылыми орталық құру туралы уағдаластықтардың өзектілігін айтып, бұл екіжақты мәдени байланыстарды жандандыруға және нығайтуға одан әрі ықпал ететінін мәлімдеді.

Орталық және Батыс Азиядағы тарихи материалдық емес мәдени мұраны зерттеудегі, анықтаудағы және сақтаудағы бай тәжірибесін ескере отырып, осы саладағы жұмыстарды және ынтымақтастықты елдеріміздегі ЮНЕСКО-ның өкілдіктері және ЮНЕСКО қамқорлығындағы Тегеран орталығы шеңберінде жүргізу қажеттігін айтты.

Елші О. Оңалбаев Қазақстан 2011 жылдан бастап Ұлы Жібек жолының қиылысында орналасқан ЮНЕСКО қамқорлығындағы осы маңызды Орталықты құруда және одан әрі қалыптастыруда Иранмен бірлесе белсенді жұмыс атқарғанына назар аударды. Орталықтың 2024-2025 жылдарға арналған Іс-шаралар жоспарына көшпелі өркениеттің дәстүрлі технологияларын қолдануды анықтауға, жергілікті мұражайлардың рөлін арттыруға, әйелдердің қоғамдағы рөлін нығайтуға бағытталған бағдарламалар мен жобалардың енгізілгенін қанағаттанушылықпен атап өтті.

Сонымен қатар, Қазақстанның материалдық емес мәдени мұра жөніндегі Ұлттық комитеті Орталыққа мүше елдер тарапынан қызығушылық танытқан тақырыптар бойынша халықаралық вебинарлар ұйымдастыру жұмыстарын жалғастыратынын хабарлады.

Отырыс қорытындысы бойынша Орталықтың Басқарушы кеңесінің жаңартылған Рәсім ережелері және 2024-2025 жылдарға арналған Іс-шаралар жоспары қабылданды, сондай-ақ Орталықтың жаңа мүшелері ретінде Тәжікстан және Түркия сайланды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -