Қоштасу күйі мен марапаттары: Қазақстан Испания елшісін құрметтеді

4213
Фотосурет: Gov

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Испания Елшісі Хорхе Урбиоланы Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Р.Василенко Испания Елшісіне екі ел арасындағы саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастарды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің құрмет грамотасын табыс етті.

Елдер арасындағы мәдени көпірлерді құруға белсене қатысқаны үшін ерекше құрмет белгісі ретінде Испания Елшісіне шара барысында «Әлқисса» күйі орындалған жеке домбыра сыйға тартылды. Айта кетерлігі, Х.Урбиола қазақтың ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиевтің шығармасымен жақсы таныс – испандық дипломат өз бастамасымен елімізде тіркелген дипломатиялық корпус және ҚР Сыртқы істер министрлігі өкілдерінен құрылған жаңа «Dombrassadors» ансамблінің құрамында оны өзі орындаған.

Сұхбат барысында дипломаттар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелеріне, соның ішінде Қазақстан мен Испания арасындағы стратегиялық әріптестіктің орнағанына 15 жыл толатын жылы алдағы жоғары деңгейдегі байланыстар кестесін талқылады. Әңгімелесушілер Қазақстан нарығында «Maxam», «Talgo», «Indra», «Inditex» және «Airbus Defense&Space» сияқты танымал испандық компаниялардың болуының арқасында белсенді дамып келе жатқан экономиканың түрлі салаларындағы жемісті байланыстарды атап өтті. Бұған қоса, Қазақстанда ірі испандық компаниялардың, соның ішінде «Xcalibur», «Técnicas Reunidas» және т.б. қатысуымен бірқатар жобаларды әзірлеу барысы талқыланды.

Х.Урбиоланың Қазақстанда болуы кезінде университетаралық ынтымақтастық саласындағы, сондай-ақ екі мемлекет арасындағы гуманитарлық байланысты нығайтуға бағытталған спорттық және имидждік жобаларды жүзеге асырудағы жетістіктері ерекше аталып өтті.

Кездесу соңында Р.Василенко Х.Урбиолаға алдағы дипломатиялық қызметіне сәттілік тіледі. Өз кезегінде, Испания Елшісі Қазақстан тарапына қонақжайлылығы үшін алғыс айтып, елімізде өзінің көптеген шынайы достар тапқанын атап өтіп, Астана мен Мадрид арасындағы алдағы уақытта да жемісті ынтымақтастыққа сенім білдірді.

Испания – Қазақстан Республикасының ЕО-дағы маңызды экономикалық серіктесі. Қазақстанның статистикасына сәйкес, 2023 жылғы қорытынды бойынша екіжақты тауар айналымы 2 млрд АҚШ долларын (экспорт – 1,5 млрд, импорт – 500 млн), ал 2024 жылғы қаңтар-мамыр кезеңінде – 702 млн АҚШ долларын (экспорт – 422 млн, импорт – 280 млн) құрады.

2005 жылдан бастап Испаниядан Қазақстанға құйылған инвестиция көлемі 360 млн АҚШ долларын құрады. Қазақстанда испан капиталының қатысуымен 67 заңды тұлға тіркелген.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -