Инвестициялар және бірлескен кәсіпорындар: Қазақстан Грузин бизнесін шақырады

4466
Фотосурет: Gov

 Қазақстанның Грузиядағы Елшісі Мәлік Мырзалин Грузияның Бірінші вице-премьері, Экономика және тұрақты даму министрі Леван Давитиашвилимен кездесу өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Сұхбат барысында тараптар сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және туристік салалардағы қазақ-грузин ынтымақтастығы мәселелері бойынша «сағат теңестіріп», оның одан әрі даму перспективалары туралы терең пікірлермен алмасты.

Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы жүк тасымалын ұлғайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл тұрғыда грузин тарапының осы жолдың дамуына қатысты барлық іс-шараларға атсалысуының маңыздылығы аталып өтті.

Елші Грузия тарапын Қазақстанда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалар, көлік және туристік секторларды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар туралы хабардар етті. Грузин компаниялары инвестициялар салу және перспективалы салаларда бірлескен кәсіпорындар құру арқылы қазақстандық нарыққа неғұрлым белсенді қатысуға шақырылды.

Өз кезегінде Л. Давиташвили Қазақстан Грузияның достық және сенімді серіктесі екенін атап өтті. Грузияның статистикасы бойынша, өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2,7 есеге өсіп, 735 млн АҚШ долларынан асты. Осылайша, Қазақстан – бүгінде Грузияның 8-ші ірі сауда серіктесі.

Екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі – туризм. Бүгінгі күні Қазақстан Грузияға келетін туристер саны бойынша 6-шы орында тұр. 2023 жылы бұл көрсеткіш 40% артып, 167 мың адамға жетті. Екі ел арасындағы туристік ағынның серпінді өсуіне Қазақстанның бес қаласынан Грузияның үш ірі қаласына апта сайынғы 36 тікелей әуерейстер ықпал етеді.

Тараптар барлық өзара тиімді салалардағы екіжақты байланыстарды одан әрі кеңейтуге және тереңдетуге мүдделілік білдіріп, алдағы уақытта Астанада өтетін үкіметаралық комиссияның кезекті отырысы барысында өзекті мәселелерді талқылау жөнінде уағдаласты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -