Прагада Чехия техникалық университетінің Қазақстандағы филиалының ашылуы талқыланды

9933
Фотосурет: Gov

Прагада Қазақстан мен Чехияның жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық келешегі талқыланды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев Чех техникалық университетінің (ЧВУТ) ректоры Войтех Петрачекпен кездесті. Сұхбат барысында тараптар екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін және оның одан әрі даму перспективаларын талқылады.

Б. Дүйсенбаев сұхбаттасын Қазақстандағы өзекті экономикалық өзгерістермен таныстырды. Атап айтқанда, ол жоғары білім, ғылым және зерттеу мәселелеріне мемлекет тарапынан баса мән берілетінін атап өтті. Осы тұрғыда жоғары білікті инженерлік-техникалық кадрларды даярлауда қазақстандық тараптың қызығушылығы білдіріліп, Чехия университетінің Қазақстанда филиалын ашу перспективаларын қарастыру ұсынылды. Елші сондай-ақ әлемнің үздік университеттерінде оқуға стипендия бөлетін «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы жұмысының оң тәжірибесіне назар аударды.

В. Петрачек қазақстандық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықтың өзекті жай-күйі туралы хабардар етті. Атап айтқанда, ЧВУТ Қазақстанның 5 жоғары оқу орнымен тиісті меморандумдар жасасқанын, оның ішінде негізгі әріптестері Алматы энергетика және байланыс университеті және С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті болып табылатынын хабарлады. Сонымен қатар ректор қазақстандық жоғары оқу орындарымен халықаралық зерттеу жобалары шеңберінде де ынтымақтастықты тереңдетуге қызығушылық білдірді.

Кездесу нәтижесінде тараптар жоғары оқу орындары желісі бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі жұмысты жалғастыруға келісті.

Чех техникалық университеті – 1707 жылы құрылған, техникалық салаларда мамандар мен ғалымдарды даярлайтын, сондай-ақ ғылыми, педагогикалық және техникалық салаларда белсенді дамып келе жатқан ең көне чех университеттерінің бірі. Өзінің ғылыми-зерттеу және білім беру қызметінің арқасында ЧВУТ Чехияның үздік техникалық жоғары оқу орны болып табылады. Ресми мәліметтерге сәйкес, университетте Қазақстаннан 272 студент оқиды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -