Таиланд пен Қазақстан кәсіпкерлері жаңа инвестициялық жобаларға дайындалуда

8602
Фотосурет: Gov

Таиланд Үкіметінде Қазақстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетудің практикалық жолдары талқыланды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Арман Исетов Таиланд Үкіметінің кеңсесінде Премьер-Министрдің орынбасары – Суда министрі Пхумтам Вечаячаймен кездесті. Кездесу ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Таиландқа ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылуын талқылау мақсатында өтті.

Кездесу барысында тараптар екі елдің сауда-экономикалық байланыстарының үдемелі дамуына қанағаттанушылық білдірді. 2023 жылы екі ел қарым-қатынастары тарихында сауда және туризм саласындағы ынтымақтастық рекордтық көрсеткіштерге жеткені аталып өтті. Мәселен, өткен жылы 2022 жылмен салыстырғанда өзара тауар айналымының көлемі 35%-ға өсті, ал Қазақстаннан келетін туристер саны 3 есеге жуық өсті. Осыған орай тараптар 2024 жылғы 23 сәуірде қол қойылған екі ел арасындағы визасыз режим туралы келісімге, сондай-ақ тай Үкіметінің Қазақстан азаматтары үшін 60 күн мерзімге дейін қосымша визасыз режим ұсынуы екі елдің бизнесмендері арасында байланыс орнатуды жеңілдетуге әсерін тигізетінімен келісті.

П. Вечаячай Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды экономикалық рөлін және оның Шығыс пен Батыс арасындағы саудадағы транзиттік әлеуетін атап өтті. Осыған орай тай Үкіметінің Қазақстан мен Таиланд арасындағы экономикалық қатынастарды тереңдету ниеті туралы хабарланды.

Өз кезегінде А. Исетов Қазақстанның елдің экономикалық дамуы жөніндегі өршіл жоспарлары және ол үшін жүргізіліп жатқан реформалар туралы айтып берді.

П. Вечаячайдың ағымдағы жылдың тамыз айында жоспарланған Қазақстанға іс-сапарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Таиланд Корольдігінің үкіметтері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық саласындағы келісімге қол қоюға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, осы кезеңде ү.ж. сәуір айында Бангкок қаласында ҚР СІМ басшысымен кездесулер шеңберінде айтылған инвестициялық жобаларды талқылау үшін «Thai President Foods» және «Sea Value» тамақ өнімдерін өндіру саласындағы ірі компаниялардың Қазақстанға келуі жоспарлануда.

Кездесу соңында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету үшін бірлескен іс-қимылдарды үйлестіруге келісті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -