Молдовада Ұлы Отан соғысының қазақстандық қаһарманының құрметіне еске алу шарасы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Молдованың Гура-Быкулуй ауылында Ұлы Отан соғысының қаһарманы, Павлодар облысы Ақсу ауданының тумасы Қанаш Қамзиннің рухына арналған еске алу шарасы өтті. Іс-шараға сондай-ақ Молдова-Қазақстан іскерлік кеңесі мен «Бэльц» Еркін экономикалық аймағы әкімшілігінің өкілдері қатысты.
Қазақстанның Молдовадағы Елшілігінің қолдауымен, қазақстандық жауынгердің құрметіне мемориалдық тақта орнатылған жергілікті гимназияға заманауи мектеп парталары мен түрлі спорттық құрал-жабдықтар табысталды.
Қазақстанның Молдовадағы Елшісі Алмат Айдарбеков ауыл тұрғындарына қазақстандық қаһарманның ерлігіне көрсеткен құрметі үшін алғыс білдіріп, елімізде Жеңіс мерейтойы мен ерлікпен қаза тапқан батырларды еске алуға арналған ауқымды іс-шаралар өткізіліп жатқанын атап өтті.
Жергілікті әкімшілік басшысы Лилия Брехова мен мектеп директоры Александру Ковтун көрсетілген көмекті жоғары бағалап, Молдованы азат ету жолында қаза тапқан Қанаш Қамзиннің ерлігін есте сақтаудың маңыздылығына ерекше назар аударды.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шараға мектеп ұжымы мен жергілікті қауымдастық өкілдері де қатысты.
Қанаш Қамзин лейтенант шенінде рота командирі болған. Соғыс жылдарында Молдовадағы стратегиялық маңызы бар плацдармды ұстап қалудағы ерлігі үшін ол қайтыс болғаннан кейін ең жоғары мемлекеттік наградамен марапатталған. Ол Гура-Быкулуй ауылының орталығындағы бауырластар зиратына жерленген. Ауылдың орталық көшесі оның есімімен аталады.