ICPC 2024: Сарапшылар қазақстандық IT-білім берудің болашағын талқылайды, деп хабарлайды DKnews.kz.
2024 жылғы 17 қыркүйекте Астанада ICPC бағдарламалау бойынша ауқымды халықаралық студенттік байқау аясында технологиялар және білім беру саласындағы жетекші сарапшылардың қатысуымен дөңгелек үстел өтеді. Іс-шара бағдарламалауды дамытуға, талантты студенттерді қолдауға және білім беру барысына инновацияларды енгізуге байланысты мәселелерді талқылауға арналған негізгі пікірталас алаңы болады.
Дөңгелек үстелде Huawei компаниясының персоналды басқару департаменті президентінің орынбасары Тян Синпу мырза, Стратегиялық зерттеулер институтының вице-президенті және Huawei компаниясының байқауларды басқару департаментінің директоры Аймен мырза, Huawei Technologies Kazakhstan басқарма директоры Сю Хай мырза және Қазақстан-Британ Техникалық Университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Маратбек Ғабдуллин кіретін жетекші мамандар мен басшылар бас қосады.
Дөңгелек үстел 2024 жылғы 15-20 қыркүйек аралығында Астанада өтетін ICPC халықаралық байқауының 48-ші шығарылымының бір бөлігі болады. Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Қазақстандық спорттық бағдарламалау федерациясы, ICPC Foundation ҮЕҰ және Freedom Holding Corp компаниясы ұйымдастырған бұл байқау цифрлық инфрақұрылымның әлемдік жетекші жеткізушісі - Huawei компаниясының қолдауымен өткізіледі.
ICPC халықаралық байқауы жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған студенттерді тартатын ең беделді университеттік бағдарламалау жарыстарының бірі болып табылады. Биыл байқауға 50-ден астам елде іріктеу кезеңдерінен өткен 140-тан астам жетекші университеттерден іріктелген 400-ден астам қатысушы бақ сынайды. ICPC бағдарламалауға құштар университет студенттеріне күрделі мәселелерді шешуде өз дағдыларын көрсетуге мүмкіндік беретін бірегей платформаны ұсынады, осылайша инновацияларды ынталандырады және нақты ғылымдардағы таланттарды анықтайды.
ICPC байқауы және оқыту бағдарламалары мен техникалық форумдар сияқты онымен байланысты іс-шаралар IT индустриясының болашақ көшбасшыларын дайындауда шешуші рөл атқарады. Huawei 2020 жылдан бастап ICPC-тің гауһар демеушісі ретінде қосымша іс-шаралар ұйымдастырып, студенттерге кәсіби дағдыларын дамытуға бағытталған мамандандырылған тренингтер мен конкурстарға қатысуға мүмкіндік бере отырып, осы байқауды белсенді қолдайды.
«ICPC байқауын қолдау біздің ең күрделі міндеттерді шешуге және ғылым мен технологияны алға жылжытуға қабілетті мамандардың келесі буыны үшін мүмкіндіктер жасау деген стратегиялық мақсатымызға толық сәйкес келеді. Біз болашақта біздің индустриямыздың болашағын айқындайтын қазақстандық студенттер арасында бағдарламалау мен инновацияларды дамытуға өз үлесімізді қоса алатынымызды мақтан тұтамыз. ICPC шеңберіндегі дөңгелек үстел — бұл бағдарламалау мен білім берудің болашағын талқылауға, сондай-ақ осы маңызды саланы дамыту жөніндегі біздің көзқарастарымыз бен жоспарларымызбен бөлісуге бірегей мүмкіндік» Huawei Technologies Kazakhstan басқарма директоры Сю Хай
фото: Huawei
Қазақстанда ICPC байқауын өткізу елде АТ индустриясы мен білім беруді дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер ашады. Бұл байқау инновациялар мен технологиялар орталығы ретінде әлемдік қоғамдастықтың назарын Қазақстанға аударып қана қоймай, жас мамандарды бағдарламалау саласындағы білімдерін тереңдетуге ынталандырады. Қазақстанның осындай халықаралық іс-шараларға қатысуы цифрлық экономиканы құру және қазіргі әлемнің сын-тегеуріндеріне жауап бере алатын кадрлық әлеуетті қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болып табылады.