Моңғолияда Қазақстанмен білім беру саласындағы ынтымақтастық талқыланды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев Моңғолияның Білім министрі Пүрэвсүрэнгийн Наранбаярмен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Моңғолияның білім беру саласындағы ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйі, соның ішінде осы салада жүргізіліп жатқан реформалар туралы ақпаратпен алмасты.
Қазақ дипломаты 2024 жылғы 2 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» тақырыбында Қазақстан халқына жасаған жолдауында кадрлық әлеуетті арттыру ісінде орта білім беру жүйесінің ойнайтын маңызды рөліне ерекше назар бөлінгенін атап өтті. Оқу-ағарту саласында Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды зерттеуге моңғол тарапы қызығушылық білдірген жағдайда, осы бағыттағы тәжірибемен бөлісуге дайындығын білдірді.
Сонымен қатар сұхбат барысында тараптар 2008 жылы қол қойылған Білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы екіжақты келісім аясында Моңғолияға бөлінетін гранттарды тиімді пайдалану мақсатында Қазақстанда білім алуға ниет білдіретін моңғол жастары санын өсіру жолдары, сондай-ақ Қазақстан мен Моңғолияда қазақ және моңғол тілдерін оқыту жұмысын жолға қою сұрақтары бойынша пікір алмасты.
Сұхбаттастар білім беру ұйымдары арасындағы төте ынтымақтастықты бұдан әрі нығайтуға Министрлік пен Елшілік тарапынан тиісті қолдау көрсетуге уағдаласты.