Алматыда New Vision Forum 2026 өтті. Еуразиядағы ірі бизнес алаңдардың біріне айналған форумға әлемнің 30 елінен 4000-нан астам кәсіпкер, инвестор, сарапшы және компания басшылары қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
11-13 маусым аралығында Республика сарайында өткен форумда жасанды интеллект, жаңа геосаяси ахуал, адами капитал үшін бәсеке, қаржы нарығының болашағы және кәсіпкерліктің жаңа ережелері талқыланды.
Әлемдік сарапшылар Алматыда бас қосты
Форумның басты сахнасында халықаралық деңгейдегі танымал спикерлер сөз сөйледі.

Олардың қатарында:
- Еуропалық комиссияның бұрынғы төрағасы Жозе Мануэл Баррозу
- Цифрлық экономика және блокчейн саласының сарапшысы Дон Тэпскотт
- «Ерлер Марстан, әйелдер Венерадан» кітабының авторы Джон Грей
- Технология, білім беру және бизнес саласындағы халықаралық сарапшылар
болды.
Жозе Мануэл Баррозу жаңа геосаяси шындық пен әлемнің ірі экономикалары арасындағы бәсекенің күшеюі туралы айтты. Ал Дон Тэпскотт жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың жаһандық нарықтарға ықпалы жөніндегі болжамдарын ұсынды.
Алматы Орталық Азияның технологиялық астанасына айналуда
Форумның ашылуында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов қаланың технологиялық даму бағытына тоқталды.
Оның айтуынша, алдағы жылдары Алматыда IT-компаниялар мен жасанды интеллект жобаларына арналған 150 мың шаршы метрден астам жаңа кеңістік құрылады.
Сондай-ақ қалада Орталық Азиядағы ең ірі деректерді өңдеу орталығының құрылысы секілді ауқымды технологиялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Алматының экономикалық байланыстары бүгінде әлемнің 160-тан астам елін қамтиды.

«Бүгінде біз бизнестің технологиялық өзгерістерге тез бейімделуіне және жаңа өнімдерді Қазақстанның өзінде әзірлеуіне мүмкіндік беретін экожүйе қалыптастырып жатырмыз», - деді Олжас Смағұлов.
Жасанды интеллект форумның негізгі тақырыбы болды
Форумда жасанды интеллект бизнес пен мемлекеттік басқарудың нақты құралы ретінде талқыланды.
«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин жасанды интеллектіні бизнес-процестер мен мемлекеттік қызметтерге енгізу тәжірибесімен бөлісті.
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун жасанды интеллекттің ауыл шаруашылығынан бастап білім беру, денсаулық сақтау және қаржы секторына дейін экономиканың нақты құралына айналғанын атап өтті.
Ол еліміздегі цифрландыру деңгейінің өсіп келе жатқанын, білім беру саласындағы ЖИ-агенттердің дамуын және Astana Hub арқылы қазақстандық стартаптарға көрсетіліп жатқан қолдауды ерекше айтты.
Siri авторы кәсіпкерлерге кеңес берді
Жасанды интеллект тақырыбы халықаралық деңгейдегі пікірталастармен де жалғасты.
Siri қосымшасының тең авторы Люк Джулия қазақстандық кәсіпкерлерге жасанды интеллектпен бәсекелеспеуге кеңес берді. Оның айтуынша, жаңа технологияларды қауіп ретінде емес, тиімді құрал ретінде қабылдау маңызды.
New Vision Forum қатысушыларының сұрақтарына жауап бере отырып, ол жасанды интеллект төңірегіндегі алаңдаушылық деңгейіне таң қалғанын айтты. Кейбір қатысушылар жаңа технологиялар жұмыс орындарын қысқартады деп қауіптенсе, енді біреулері маңызды шешімдерді алгоритмдерге тапсыруға дайын емес екенін жеткізген.
Дон Тэпскотт Қазақстанға өз AI-инфрақұрылымын дамыту қажет екенін айтты
Blockchain Research Institute ұйымының басшысы Дон Тэпскотт жаңа технологиялық дәуірге бейімделу жолдары туралы баяндады.

Оның пікірінше, Қазақстан бүгіннен бастап өз цифрлық инфрақұрылымын қалыптастырып, жасанды интеллект экономика, мемлекеттік басқару және бизнестің негізіне айналатын кезеңге дайындалуы қажет.
«Қазақстан жаңа әлемдік тәртіпте маңызды рөл атқара алатын мемлекеттердің қатарында. Жасанды интеллект дәуірінде есептеу қуаты, деректер мен цифрлық платформалар энергетика немесе көлік секілді стратегиялық ресурсқа айналады. Болашақ экономикасын басқа елдердің инфрақұрылымына толық тәуелді күйде құру мүмкін емес. Сондықтан Қазақстан өз ЖИ инфрақұрылымын дамытып, сыртқы технологиялық орталықтарға тәуелсіз жұмыс істей алатын жүйелер қалыптастыруы керек», - деді Дон Тэпскотт.
Кәсіпкерлер дағдарыс пен қателіктер туралы айтты
Форумда дәстүрлі табысты болу тақырыбынан гөрі кәсіпкерлердің қателіктері, дағдарыс кезеңдеріндегі тәжірибесі және қиын жағдайда қабылданған шешімдері көбірек талқыланды.
BI Group инвестициялық-құрылыс холдингінің бас директоры Айдын Рахимбаев компанияның қаржылық дағдарыстар кезінде өз міндеттемелерін орындап, командасын сақтап қалғаны туралы айтты.
Kusto Group компаниялар тобының тең құрылтайшысы және директорлар кеңесінің мүшесі, YPO Kazakhstan ұйымының мүшесі Қанат Көпбаев белгісіздік жағдайында сенімнің, ұзақ мерзімді қарым-қатынастардың және басқарушылық шешімдердің маңызына тоқталды.
Қаржы нарығының болашағы талқыланды
Bereke Bank-тің транзакциялық бөлшек бизнес блогының басқарушы директоры Григорий Сосновский қаржы секторының болашағына қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, болашақ банктер пайыздық мөлшерлемелер мен бонустар арқылы емес, клиенттерге қаржылық мақсаттарына жетуге көмектесу қабілеті арқылы бәсекеге түседі.
Сондай-ақ ол банктер жылдам өзгерістер жағдайында:
- Шешім қабылдау жылдамдығымен
- Бейімделу қабілетімен
- Үздіксіз білім алу мәдениетімен
- Клиентке нақты пайда әкелу мүмкіндігімен
ерекшеленетінін айтты.
Жаңа экономиканы кім басқарады?
Форумдағы ең қызу талқыланған панельдік сессиялардың бірі «Жаңа экономиканы кім басқарады: бизнес, банктер әлде алгоритмдер?» атты пікірталас болды.
Пікірталасқа:
- Visa компаниясының Орталық Азия бойынша вице-президенті әрі өңірлік менеджері Санжар Сүлейменов
- «Учет.kz» компаниялар тобының негізін қалаушы Максим Барышев
- Ekonomist.kz жобасының негізін қалаушы, экономист Қасымхан Қаппаров
- Bereke Bank ШОБ сату департаментінің директоры Асқар Қалиев
қатысты.
Модератор қызметін Women in Tech Kazakhstan Chapter ұйымының жетекшісі әрі Цифрлық даму және жасанды интеллект министрінің штаттан тыс кеңесшісі Әсем Болатжан атқарды.
Санжар Сүлейменовтің айтуынша, алдағы жылдары экономиканың негізгі интерфейсі банк қосымшалары немесе маркетплейстер емес, жасанды интеллект көмекшілері болуы мүмкін.
Пайдаланушылар тауар таңдау, төлем жасау және тиімді ұсыныстарды іздеу сияқты шешімдерді алгоритмдерге көбірек сеніп тапсырады. Бұл бизнеске клиентпен өзара әрекеттесудің жаңа моделіне бейімделуді талап етеді.

Жасанды интеллект пен киберқауіпсіздік бойынша жаңа серіктестік
Форумда айтылған технологиялық өзгерістер нақты бастамалармен толықтырылды.
Innotech Powered by Arizona State University мен TSARKA ұйымдары ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Бұл серіктестік Қазақстанда:
- Жасанды интеллект саласында мамандар даярлауды
- Киберқауіпсіздік бағытындағы білімді күшейтуді
- Технологиялық кадрлар экожүйесін дамытуды
- Жаңа білім беру бағдарламаларын іске қосуды
көздейді.
New Vision Business Academy іске қосылады
Бизнестің үздіксіз даму мен тәжірибе алмасуға деген сұранысына жауап ретінде ұйымдастырушылар New Vision Business Academy жобасының іске қосылғанын жариялады.
Форумның басшысы Мақсат Құрбеновтің айтуынша, бүгінде ірі компаниялардың басшылары өз тәжірибесімен көбіне форумдарда, конференцияларда және подкасттарда бөліседі. Ал кәсіпкерлердің бір-бірінен тұрақты түрде үйренуіне мүмкіндік беретін жүйелі орта әлі де жеткіліксіз.

«Форум - ел мен кәсіпкерліктің дамуына қосылған үлес. Біз бизнестің білім, тәжірибе және мықты орта арқылы өсетін экожүйесін қалыптастырғымыз келеді», - деді Мақсат Құрбенов.
Қатысушылар форумның нетворкинг мүмкіндігін жоғары бағалады
New Vision Forum қатысушылары іс-шараның басты ерекшеліктерінің бірі ретінде жоғары деңгейдегі нетворкинг пен әртүрлі сала кәсіпкерлерімен пікір алмасу мүмкіндігін атады.
AFM Digital компаниясының жетекшісі Данил Юсупов форум кәсіпкерлерге сабақтас нарықтарды тереңірек түсінуге және ортақ шешімдер табуға көмектесетінін айтты.
Кәсіпкер Жанат Байқадамов жасанды интеллект туралы пікірталастардың өзгергеніне назар аударды. Оның айтуынша, бүгінде бизнес автоматтандырудан гөрі командалардың жаңа жағдайларға бейімделу қабілетін көбірек талқылайды.
Smartestprep EdTech платформасының тең құрылтайшысы Лаура Вайгорова халықаралық спикерлер құрамының мықтылығын және олардың болжамдарының Қазақстан экономикасы үшін практикалық маңызын ерекше бағалады.
New Vision Expo көрмесі жұмыс істеді
Форуммен қатар New Vision Expo көрмесі де өтті.
Көрмеде форум серіктестері мен түрлі салалардағы компаниялар өз жобалары мен шешімдерін таныстырды.
Олардың қатарында:
- ION инновациялық энергетикалық компаниясы
- HeadHunter Қазақстан
- «Прогресс» тігін фабрикасы
- «Меломан-Marwin» кітап дүкендері желісі
- Roberto Bravo халықаралық зергерлік бренді
- Urbo Coffee
- Тағы басқа компаниялар
болды.
Форумды кім ұйымдастырды?
New Vision Forum 2026 ұйымдастырушысы - Nobel Fest.
Форум Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.
Бас серіктестер:
- Bereke Bank
- Bereke Business
Ресми әуе тасымалдаушысы:
- Air Astana
Ресми серіктестер:
- BI Group халықаралық инвестициялық-девелоперлік холдингі
- ASIYA қазақстандық косметика бренді
- Berik and Bayan Kaniyev Foundation қоры
- Chatium компаниясы
- MYD Production
Білім беру серіктестері:
- Q Group
- Innotech Powered by Arizona State University
Техникалық серіктес:
- «Қазақтелеком» АҚ
Серіктестер:
- «Нұрбанк» АҚ
- Kusto Home
- Kinopark кинотеатрлар желісі
- Alt Sound компаниясы
Бұл неге маңызды?
New Vision Forum 2026 Қазақстан бизнесінің жаһандық өзгерістерге бейімделуге дайын екенін көрсетті. Форумда жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылым, қаржы нарығы, білім беру және адами капитал мәселелері бір-бірімен байланысты тақырыптар ретінде қаралды.
Алматы үшін бұл форум қаланың Орталық Азиядағы технологиялық және кәсіпкерлік орталық ретіндегі рөлін күшейтеді. Ал бизнес үшін жаңа дәуірдің басты сұрағы айқын көрінді: компаниялар енді тек өніммен емес, жылдам бейімделу, дерекпен жұмыс істеу және жаңа білімді үздіксіз игеру қабілетімен бәсекеге түседі.