Қазақстан өз реформаларын Италияның бизнес көшбасшыларына таныстырды

11869
Фотосурет: Gov

Қазақстандағы саяси және экономикалық реформалар Римнің Ротари клубында таныстырылды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Әлемнің миллионнан астам іскер адамдарын біріктіретін «Rotary International» жаһандық үкіметтік емес қайырымдылық бірлестігінің итальяндық бөлімшесі Рим Ротари клубы мүшелерінің кездесуі өтті. Жиынға италиян кәсіпкерлері, компаниялардың басшылары, меценаттар және т.б. жоғары лауазымды тұлғалар қатысты. Кездесу Қазақстан мен оның қазіргі кезеңдегі дамуына арналды.

Іс-шара барысында ҚР Елшісі Ерболат Сембаев Қазақстанның дамуы, оның ішінде елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалар туралы айтып берді. Сондай-ақ ол кездесуге қатысушылардың назарын еліміздің қазіргі кезеңдегі дамуына аударды.

Елші ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған реформалардың кешенді бағдарламасы аясында елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістерге жеке тоқталды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының жақында жарияланған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі мақсаттары белгіленген Қазақстан халқына Жолдауын атап өтті.

«Саяси және экономикалық жүйелердің ауқымды трансформациясы Қазақстанға осындай қысқа мерзімде, әсіресе саяси салада осындай түбегейлі өзгерістерді жүзеге асырған өңірдегі жалғыз ел болуға мүмкіндік берді. Саяси реформалардың ерекше қазақстандық моделі қалыптасты деп айтуға болады. Президент Қ.Тоқаевтың атом электр станциясын салу мәселесі бойынша алдағы 6 қазандағы жалпыұлттық референдум жөнінде хабарлауы маңызды оқиға болды. Алдағы референдум кең ұлттық диалогтың тағы бір көрінісі және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың жарқын үлгісі болмақ» Ерболат Сембаев

Елшінің айтуынша, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың осы жылдың қаңтар айында Римге жасаған ресми сапары екіжақты қатынастарға қуатты серпін беріп, оларды сапалы жаңа деңгейге көтерді.

Кездесуде Рим Ротари клубының президенті Н. Витальяно Доменико сөз сөйлеп, Қазақстан мен Италия арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамуын атап өтті.

«Kazakh Invest» АҚ-ның Италиядағы өкілі Алтынай Мұқанова екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастар туралы толығырақ баяндама жасап, ағымдағы және перспективалы қазақ-италиян инвестициялық жобалар туралы айтып берді.

«Rotary International» – бүкіл әлем бойынша Ротари клубтарын біріктіретін жүз жылдан астам тарихы бар халықаралық үкіметтік емес бірлестік. Ротари клубтар ұлттық және нәсілдік, діни және саяси көзқарастарға қарамастан барлық елдер үшін ашық діни емес және саяси емес гуманитарлық-қайырымдылық ұйымдар ретінде сипатталады. «Rotary International» мәліметтері бойынша әлемде 1,4 миллионнан астам мүше тіркелген 46 мыңнан аса клуб бар.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -