"ОА-Қытай" форумы: Жасыл даму және ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастық

6083
Фотосурет: Gov

Қазақстан Елшісі «Орталық Азия – Қытай» 11-ші ынтымақтастық форумына қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.

Нинся-Хуэй автономиялық ауданының Халық үкіметі мен Қытай ШЫҰ достық, тату көршілік және ынтымақтастық комитетінің шақыруымен Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев «Орталық Азия-Қытай» 11-ші Ынтымақтастық форумына қатысты.

Форумға Қытай Халық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің орынбасары Шэнь Юэюэ, ҚХР Нинся-Хуэй автономиялық ауданы парткомының хатшысы Ли Ифей және ОА елдерінен келген басқа да жоғары лауазымды тұлғалар қатысты.

Форумның ашылуында Ш. Нұрышев Қазақстанның «Орталық Азия-Қытай» форматы аясындағы ынтымақтастықты күшейту жөніндегі негізгі басымдықтары мен бастамаларын атап өтті. Соның ішінде, сауда-экономикалық, көліктік, энергетикалық, инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне баса назар аударды.

Тұщы су тапшылығы қауіпінің артуы аясында өңірде шоғырландырылған су саясатын әзірлеудің маңыздылығы және Халықаралық Аралды құтқару қорының осы үдерістегі рөлін күшейту қажеттігі жеке атап өтілді.

Форум аясында Ш. Нұрышев Нинся-Хуэй автономиялық ауданы Парткомының хатшысы Ли Ифеймен ұжымдық кездесуге қатысты. Елші 2023 жылғы мамырда Сиань қаласында өткен «ОА-Қытай» бірінші Саммитінен кейін, оның форматындағы жұмыс жанданғанын, соның ішінде министрлер деңгейінде бірқатар іс-шаралар өткізілгенін атап өтті. Сондай-ақ, Елші «ОА-Қытай» ынтымақтастық форумының алаңы осы форматты институционализациялауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Форумға Қытайда аккредиттелген ОА елдерінің елшілері мен дипломаттары, БАҚ, Орталық Азия елдерінің және Қытайдың жетекші зерттеу орталықтарының өкілдері қатысты.

Іс-шара аясында Алматы облысының делегациясы Нинся-Хуэй автономиялық ауданымен Достық қарым-қатынас орнату туралы меморандумға қол қойды.

Сонымен қатар, 11-ші форум аясында төрт: жасыл өнеркәсіпті дамыту, заманауи ауыл шаруашылығы және ғылыми-техникалық инновациялар, бауырластық қалалардың ынтымақтастығы және гуманитарлық алмасулар, аймақтық ынтымақтастық бойынша кіші форумдар өтті.

«Орталық Азия – Қытай» ынтымақтастық форумы 2012 жылы Қытайдың бастамасымен құрылған және ҚХР мен ОА елдері арасындағы көпжақты өзара іс-қимыл платформасы.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -