Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Әмбебап мерзімді шолу шеңберінде ҚР-дың Төртінші кезеңдік ұлттық баяндамасын қорғауды дайындауға арналған «Адами өлшем жөніндегі диалог алаңы» консультативтік-кеңесші органының («АӨДА» ККО) кіші тобының бірінші отырысы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Ұлттық баяндаманы ҚР Әділет министрлігі мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен өзара әрекеттестік арқылы дайындады.
ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Надирқұлова мен ҚР Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекованың тең төрағалығымен өткен отырыс барысында 2019 жылы өткен шолу қорытындысы бойынша Қазақстанның алған ұсынымдарының іске асырылу барысы талқыланды. БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне қатысушы мемлекеттердің 245 ұсынымының ішінде Қазақстан 214 ұсынымды қолдады және мемлекеттің жүргізіліп жатқан ұлттық құқықтық саясаты мен қолданыстағы заңнаманы қолдану практикасын ескере отырып, 31 ұсынымды назарға алды. Қолдау көрсетілген ұсынымдарды іске асыру үшін 2020-2024 жылдарға арналған ведомствоаралық жоспар бекітілді.
Ұсынымдарды іске асыру шеңберінде Париж қағидаттарына сәйкес Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мандаты кеңейтілді, оның ішінде оны қаржылық және адами ресурстармен қамтамасыз ету мақсаты кеңейді, Бала құқықтары туралы конвенцияға және Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттамалар ратификацияланды, әйелдер мен балаларды азаптауға, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа қылмыстық сипат беру бойынша заңнамалық шаралар қабылданды, адам саудасына қарсы күрес туралы қолданыстағы заңнама қайта қаралды, саяси партиялар мен бейбіт жиналыстар туралы жаңа заңдар, сондай-ақ жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданды, мүмкіндігі шектеулі тұлғалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау шаралары күшейтілді және т.б.
Ресми баяндаманы дайындаумен қатар Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарының коалициясы 8 балама баяндама дайындады, олардың бірі өткен отырыста талқыланды.
Жалпы, күн тәртібіндегі мәселелер сындарлы және ашық форматта талқыланды. Мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдері тікелей пікір алмасуға және әзірленген ұсынымдарын таныстыруға мүмкіндік тапты.
«АӨДА» ККО 2013 жылы ҚР СІМ бастамасымен құрылды. Алаң Үкімет пен азаматтық сектор арасындағы диалогты ілгерілетудің тиімді құралы ретінде жұмыс істеуде. Алаңда халықаралық ұйымдар (БҰҰДБ, БҰҰ БЖКБ, ЕҚЫҰ және т.б.) өкілдерінің байқаушылар ретінде қатысуымен адам құқықтарын қорғаудың әртүрлі өзекті мәселелері талқыланады.