Британдық аудитория Қазақ хандығының карталарымен танысады

5852
Фотосурет: Gov

Британдық тарихи Саяхатшылар клубында (The Travellers Club) көне карталар көрмесі мен «XVI-XIX ғасырлардағы Еуропа мен Америка карталарындағы Қазақ мемлекеті» тақырыбында презентация өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Іс-шараға Құрама Корольдіктің қоғам мен ғылыми топтар өкілдері, сонымен қатар Саяхатшылар клубының мүшелері қатысты.

Көрмені ашу барысында Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Мағжан Ілиясов еуропалық және америкалық карталар қазақ мемлекеттілігінің көп ғасырлық тарихының айқын дәлелі екенін, сондай-ақ Қазақ хандығының XV ғасырда құрылғанынан бастап Еуропада кең танымалдылығын көрсететінін атап өтті. Сонымен қатар Елші британдық аудиторияны Қазақ мемлекеті қалыптасуының негізгі кезеңдерімен және оның бай мәдени мұрасымен таныстырды.

Іс-шара барысында Оксфорд университетіндегі Бодлиан кітапханасының сарапшысы Николас Контовас пен жазушы әрі журналист Ник Филдинг тақырыптық баяндамалар жасады.

Н. Контовас Оксфорд университетінің кітапхана қорларында сақталған сирек кітаптар мен қолжазбалардың көшірмелерімен таныстырып, Қазақстанның тарихы Алтын Ордамен ажырамас байланысы туралы толығырақ айтып берді.

Н. Филдинг өз презентациясында Ұлы дала мен көшпенді қазақ халқының мәдениетін дипломат Энтони Дженкинсон (XVI ғ.), суретші Джон Кэстл (XVIII ғ.) және зерттеуші Томас Аткинсон (XIX ғ.) сияқты ағылшын саяхатшыларының көзімен көрсетті. Ол британ карталарында Қазақ мемлекетінің белгіленуі, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар ресми орнағанға дейін көп уақыт бұрын болған байланыстарды көрсететінін жеткізді. Сонымен қатар британ журналисі еліміздің бірегей туристік әлеуетіне жеке тоқталып, Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

Лондондағы Саяхатшылар клубының қабырғасында ұйымдастырылған көне карталар көрмесі мен презентация британдық көрермендердің шынайы қызығушылығын тудырып, олар Қазақстанның тарихы мен мәдени мұрасына қатысты көп сұрақ қойды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -