Солтүстік Македония Парламентінің депутаттары Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Солтүстік Македония Республикасының Парламентінде Қазақстанның Елшісі Сатыбалды Бұршақов пен Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық жөніндегі достық тобының депутаттарының кездесуі өтті.
Македониялық парламентшілер Қазақстан халқын Ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтап, елімізге амандық, бейбітшілік пен келісім, сондай-ақ одан әрі өркендеу мен гүлдену тіледі.
Жақында Скопьеде Қазақстан Елшілігінің ашылуын құптай отырып, депутаттар екі мемлекет арасындағы парламентаралық байланыстарды, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге жан-жақты көмек көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.
Елші С. Бұршақов өз сөзінде парламентшілерге заманауи геосаяси жағдайдағы қазақстандық дипломатияның рөлі мен басымдықтары, Орталық Азия аймағындағы интеграциялық үдерістер және Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың келешегі туралы айтып берді.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан реформаларға тоқтала кеткен дипломат, еліміздің саяси жаңғыруы аясында парламентаризмнің дамуы орталық орын алатынын атап өтіп, Сенат пен Мәжілістің, сондай-ақ парламентте өкілдік ететін саяси партиялардың қызметі туралы айтты.
Кездесу нәтижесінде 2025 жылы Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуы аясында парламентарийлердің өзара сапарларын ұйымдастыру туралы келісімге қол жеткізілді.