Сеулде «ОАКР» өңіраралық ынтымақтастық форумы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Сеул қаласында Корея Республикасы губернаторларының қауымдастығы (GAROK) ұйымдастырған «Орталық Азия – Корея Республикасы» өңіраралық ынтымақтастықтың алғашқы форумы өтті. Іс-шараға Орталық Азия мен Корея Республикасының жергілікті билік, академиялық орта және бизнес өкілдері қатысып, түрлі салалардағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.
Форумның ашылуында «GAROK»-тың Бас хатшысы Ю Мин Бонг делегаттарды қарсы ала отырып, Орталық Азия елдері мен Корея Республикасы арасындағы серіктестікті дамытудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, бизнес, технология, туризм және тұрақты даму салаларындағы өзара байланысты нығайту болашақтағы ынтымақтастық үшін ерекше маңызға ие.
Қазақстанның Кореядағы Елшісі Нұрғали Арыстанов өз сөзінде «C5+K» бастамасы аясында жергілікті билік органдарының алғашқы форумын өткізудің маңыздылығына тоқталды. Елші өңіраралық дипломатия Орталық Азия мен Корея елдерінің қалалары мен аймақтары арасында жаңа ынтымақтастық мүмкіндіктерін ашатынын жеткізді. Сондай-ақ ол Орталық Азия мен Корея қарым-қатынастарын дамытудағы ағымдағы жылдың жетістіктерін, оның ішінде Корея Республикасы Президенті Юн Сок Ёльдің өңір елдеріне жасаған сапарларын, парламенттік кездесулер мен «C5+K» жаңа бастамаларын іске қосуды ерекше атап өтті.
Астана әкімінің орынбасары Евгений Глотов қаланың өңірдегі саяси, экономикалық және мәдени белсенділік орталығы ретіндегі стратегиялық маңызын айтты. Ол елордада шетелдік инвестицияларды тартуға және қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған инфрақұрылымның қарқынды дамып жатқанын тілге тиек етті.
Форум аясында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров, «Ақтөбе» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ербол Сүлейманов және аталған өңірлердің компанияларының өкілдері бизнес қауымдастықтармен, еркін экономикалық аймақтармен және жергілікті билік өкілдерімен кездесулер өткізді. Тараптар ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, тұрақты даму және туризм сияқты салалардағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың одан арғы мүмкіндіктерін талқылады.
Жалпы, форум өңіраралық өзара іс-қимылдың жаңа платформасын қалыптастыруға және экономика, мәдениет, білім беру және жаңа технологиялар салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын айқындауға бағытталған маңызды қадам болды.