Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің 31-ші отырысының шеңберінде Арменияның Cыртқы істер министрі Арарат Мирзоянмен, Аустрияның Сыртқы істер министрі Александр Шалленбергпен, Кипрдің Сыртқы істер министрі Константинос Комбоспен және Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі өкілі Кая Калласпен кездесулер өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Келіссөздер барысында саяси диалогты тереңдету, өзара сауда көлемін арттыру және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту бойынша екіжақты өзара іс-қимылдың басым мәселелері талқыланды. Тараптар орнықты даму мен өзара тиімді ынтымақтастыққа бағытталған экономикалық әріптестікті одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесуде К.Каллас Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан және ел азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға Еуропалық Одақ тарапынан берік қолдауын растады.
Өз тарапынан Министр М.Нұртілеу Қазақстан мен Еуропалық Одақ және оның мүше мемлекеттері арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде өзара тиімді көпжақты Қазақстан-Еуропа қатынастарын одан әрі дамытуға дайын екенін білдірді.
Кездесулердің қорытындысы тараптардың стратегиялық әріптестікті нығайтуға және өзекті сын-қатерлер бойынша шешімдерді бірлесіп іздеуге деген өзара қызығушылығын растады.