Қазақстан мен ЮНИСЕФ балаларға көмек көрсету үшін ауқымды бағдарлама дайындап жатыр

4906
Фотосурет: Gov

Қазақстан СІМ-де БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) ынтымақтастық бағыттарын талқылады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде ҚР Үкіметі мен БҰҰ Балалар Қоры (ЮНИСЕФ) арасындағы 2026-2030 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын әзірлеуді үйлестіру жөніндегі басқарушы комитеттің кеңесі өтті. 

Іс-шара ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллиннің және ЮНИСЕФ-тің елдік кеңсесінің басшысы Рашед Сарвардың төрағалығымен, сондай-ақ мемлекеттік органдар өкілдері мен ЮНИСЕФ сарапшыларының қатысуымен өтті.  

А. Рахметуллин Қазақстанның ЮНИСЕФ-пен бірлескен жұмысын, атап айтқанда, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институтын құруды, Қазақстан балаларының әл-ауқатының индексін енгізуді, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын іске қосуды, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген нысаны үшін жауапкершілікті қатаңдатуды жоғары бағалады. «Осы заңнамалық және институционалдық шараларды қабылдау – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділетті және ашық қоғам құруға бағытталған қайта құру саясатының бір бөлігі», – деді А.Рахметуллин. 

Р. Сарвар ҚР Үкіметі мен ЮНИСЕФ арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағдарламасы балалардың құқықтарын іске асыру жөніндегі тараптардың жұмысқа бейілділігінің нәтижесі екенін атап өтті. «Олардың біліміне, денсаулық сақтау саласына және жалпы әл-ауқатына инвестиция сала отырып, біз олардың болашақ өміріне берік негіз қалаймыз және елдің өңірдегі және бүкіл әлемдегі көшбасшылығын дамыту үшін стратегиялық инвестициялар жасаймыз», – деп атап өтті ол.

Іс-шара соңында қатысушылар жаңа бағдарламаның қоғамның нақты қажеттіліктерін қамтып көрсетуі және халықаралық стандарттар мен ұлттық басымдықтарға сәйкес келуі үшін күш салуға келісті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -