Қарағанды облысында теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында 14 нысан қайта жаңартылуда: оның ішінде он вокзал мен төрт платформа бар. Жобада ғимараттарды, инженерлік желілерді, күту залдары мен перрондарды жаңарту, сондай-ақ жолаушыларға, оның ішінде қозғалысы шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау көзделген. Қауіпсіздік, навигация және жайлылық мәселелеріне ерекше назар аударылады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жаңғырту жұмыстары Балқаш-2, Мойынты, Ақадыр, Дәрия, Жарық, Жаңа Қарағанды, Қарағанды-Сұрыптау (жұп бағыт), Мырза, Нұра және Сарыбел станцияларының вокзалдарын қамтиды.

Сонымен қатар Теміртау (Әлеуметтік қала), Айса, Қарағанды-Сұрыптау (тақ бағыт) және Сарышаған станцияларындағы жолаушылар платформаларында да жұмыстар жүргізілуде.

Қайта жаңғырту кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, пойыз қозғалысы мен жолаушыларға қызмет көрсету тоқтатылмайды.

Қазақстанның теміржол инфрақұрылымын сапа мен қауіпсіздіктің заманауи стандарттарына сәйкестендіруге бағытталған бұл жаңғырту бағдарламасы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ қаражаты есебінен іске асырылуда.
