Қазақстан БҰҰ Экономикалық және Әлеуметтік кеңесіндегі жұмысын аяқтады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және Әлеуметтік Кеңесіндегі (ЭКОСОС) 2022–2024 жылдар аралығындағы үш жылдық мүшелігін сәтті аяқтады.
ЭКОСОС – БҰҰ мен оның мамандандырылған мекемелерінің экономикалық және әлеуметтік қызметін үйлестіруге жауапты негізгі орган. Ол орнықты дамудың үш аспектісін – экономикалық, әлеуметтік және экологиялық – ілгерілету бойынша БҰҰ жүйесінің қызметінде басты рөл атқарады.
Кеңес құрамындағы кезіңде Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың 2030 жылға дейінгі Орнықты даму күн тәртібін және оның 17 орнықты даму мақсатын жүзеге асыруға өз үлесін қосты. Еліміз кедейлікпен күрес, денсаулық сақтау мен білім беруді жақсарту, гендерлік теңдік және климаттың өзгеруі сияқты жаһандық мәселелерді талқылауға және шешуге белсенді қатысты.
ЭКОСОС-қа мүшелік Қазақстанға экономикалық, әлеуметтік және мемлекеттік басқару салаларындағы реформаларын жүзеге асыру үшін озық әлемдік тәжірибені тартуға ықпал етті. Сонымен қатар, Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құру жөніндегі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын ілгерілету бойынша белсенді жұмыстар жүргізілді.
2024 жылы Қазақстан ЭКОСОС Бюросы құрамына Үйлестіру сегментіне жауапты Вице-президент ретінде кірді. Бұл сегмент Кеңестің өз көмекші органдарының және БҰҰ жүйесінің қызметін үйлестіру бойынша жарғылық рөлін үлгілі орындауына мүмкіндік береді. Аталған алаң тұрақты және инновациялық шешімдерді талқылауда, сондай-ақ 2030 жылға дейінгі Күн тәртібін жүзеге асыруды жеделдетуге бағытталған үйлестірілген шараларды іздестіруде маңызды рөл атқарады.
Бұған дейін Қазақстан ЭКОСОС құрамына екі рет – 2007-2009 және 2014-2016 жылдар кезеңдеріне сайланған болатын.