Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Елшісі Алешка Симкичпен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Сұхбат барысында тараптар өткен жылғы екіжақты ынтымақтастық дамуының оң қарқынын атап өтіп, жоғары деңгейдегі бірқатар және тұрақты байланыстарды, сондай-ақ тауар айналымы мен инвестициялық белсенділіктің айтарлықтай өскенін құптады. Сұхбаттасушылар қазақ-еуропалық ынтымақтастықтың негізгі мәселелері бойынша «сағаттарды теңестіріп», келесі жылға арналған іс-шаралар кестесін жан-жақты талқылады.
Министрдің орынбасары ҚР мен ЕО және оған мүше мемлекеттер арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді одан әрі толық және тиімді іске асырудың, сондай-ақ «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» форматындағы өзара іс-қимылды дамытудың маңызын атап өтті.
Сұхбаттасушылар көлік-логистика, маңызды шикізат, климат және жасыл энергетика секілді әлеуетті салалардағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ерекше назар аударды.
Атап айтқанда, тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытудағы, соның ішінде Орта дәлізді үйлестіру платформасын іске қосудағы жетістіктерді құптады. Маңызды пайдалы қазбалар саласындағы 2025-2026 жылдарға арналған стратегиялық әріптестіктің Жол картасына қол қою ниеті оң бағаланды.
Сонымен қатар, Р. Василенко Қазақстан азаматтары үшін ЕО визалық режимін жеңілдету туралы келісімге қатысты Астана мен Брюссель арасындағы келіссөздерді жақын арада бастаудың екі тарапқа да өзара маңызын атап өтті. Бұл ретте, іскерлік топтар мен елдеріміздің азаматтары арасындағы байланысты нығайтуға арналған ҚР-ЕО авиация туралы келісімнің маңызы аталып өтті.
Кездесу соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың оң қарқынына қанағаттанушылық білдіріп, Өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша ынтымақтастықты арттыруға келісті.
Еуропалық Одақ Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық әріптесі.
Ағымдағы жылғы қаңтар-қазан аралығында тауар айналымы 41,2 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23%-ға артты (ҚР-дан экспорт – 32,6 млрд АҚШ доллар, ҚР-на импорт – 8,6 млрд АҚШ доллар). 2023 жылы тауар айналымы 3,5%-ға өсіп, 41,4 млрд АҚШ доллар құрады.
2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына еуропалық инвестицияның көлемі 180 млрд АҚШ доллар құрады.
Қазақстанда еуропалық қатысуымен 3000-нан астам компания қызмет етуде.