Қазақстан грузин инвесторлары үшін жаңа перспективалар ашады

6292
Фотосурет: Gov

Қазақстанның Грузиядағы Елшілігі биыл бастау алған «Kazakhstan: Born Bold» халықаралық медиа-науқанының таныстырылымын бизнес-конференция барысында өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Оған ауыл шаруашылығы, құрылыс, транзиттік-көлік саласы, қонақ үй бизнесі сияқты салалардағы жетекші грузин кәсіпорындарының басшылары, сондай-ақ Қазақстанды сауда және инвестициялар үшін перспективалы нарық ретінде қарастырып, ынтымақтастыққа ниет білдіріп жүрген іскер топтардың ірі өкілдері қатысты.

Қазақстанның Грузиядағы Елшісі Мәлік Мырзалин бұл медиа-науқан Қазақстанның энергетика, білім беру, цифрландыру және туризм сияқты стратегиялық салаларын ілгерілетуге бағытталғанын атап өтті. «Олар елді жаһандық бизнес, шетелдік инвестициялар және мәдени алмасу үшін батыл әрі тартымды бағыт ретінде көрсетеді. Науқан шеңберінде көліктік қолжетімділікті жақсартуға және заманауи логистикалық хабтарды құруға байланысты жобалар белсенді түрде жарияланады, бұл барлық өзара тиімді салалардағы Қазақстан-Грузия ынтымақтастығы үшін өзекті болып табылады», деді дипломат.

«Kazakhstan: Born Bold» науқаны туралы алғаш рет ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың қыркүйегінде Астанада өткен V-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуында айтқан болатын, ол сайысқа бірқатар жүлделі орындарға ие болған грузин спортшылары да қатысқан еді.

Іс-шара барысында қатысушыларға әнші Димаш Құдайбергеннің «Киелі мекенім» әніне арналған еліміздің әр алуан табиғатын, киелі орындары мен мәдениетін көрсететін жаңа бейне-клипі көрсетілді. Бұл арқылы көрермендер Ұлы даланың ең көрнекті танымал туристік жерлеріне визуалды саяхат жасай алды.

Сондай-ақ қонақтарға Қазақстан-Грузия қатынастары туралы мәліметтерді қамтитын «Kazakhstan: Born Bold» логотипімен 2025 жылға арнайы дайындалған күнтізбелер таратылды.

Іс-шара қорытындысы бойынша Қазақстан Елшісі екіжақты қарым-қатынастардың дамуына қосқан үлесі үшін ҚР-ның Грузиядағы құрметті консулы Леван Багдавадзеге, «Georgian Times» медиа-холдингінің президенті Малхаз Гулашвилиге, «Көпұлтты Грузия» газетінің бас редакторы Михайл Айдиновке, «Кавказ Халықаралық университетінің» профессоры Вахтанг Майсайға, сондай-ақ «Халық Банк Грузия», «Эйр Астана» өңірлік өкілдігіне және «24KZ» телеарнасының жергілікті корпусына алғыс хаттар табыс етті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -