«Болашақтың ойындары» турнирін ұйымдастыру және өткізу жөніндегі Дирекция құрылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Болашақтың ойындарын» дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің тапсырмасына сәйкес, «Қазспортинвест» акционерлік қоғамы базасында мамандандырылған Дирекция құрылды. Дирекцияның міндеті – 2026 жылы Астанада өтетін «Болашақтың ойындары» халықаралық мультиспорттық турнирін ұйымдастыру және өткізу.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылатын іс-шара ел спортындағы маңызды оқиға болмақ.
Айта кетейік, 2024 жылғы 13 қазанда Дубайда (БАӘ) өткен ресми рәсімде Қазақстан 2026 жылы дәстүрлі спорт түрлері мен киберспортты біріктіретін бірегей турнир – Phygital Games of the Future жарысын өткізу құқығына ие болған еді. 2026 жылғы жарысты ұйымдастыруға Қазақстаннан бөлек, Перу және Чили мемлекеттері де үміткер болған.