Біздің стартаптар миллион доллар үшін жарыста: дауыс беру басталды!

2838
Фотосурет: Astana Hub

Отандастарға дауыс берейік: қазақстандық стартаптар Meet the Drapers әлемдік шоуында $1 миллион үшін жарысып жатыр, деп хабарлайды DKnews.kz.

Төрт қазақстандық стартап — Astana Hub резиденттері әлемдік аренаға шығып, стартаптардың ең беделді реалити-шоуы Meet the Drapers-те $1 миллион ұтып алу үшін бақ сынауда. Бұл маңызды оқиға әлемнің түкпір-түкпірінен келген 44 үздік стартаптың басын қосып, олардың инновацияларын аты аңызға айналған Дрейпер отбасы мүшелерінен құралған инвесторларға таныстыруда.

Қолдау көрсету үшін 2025 жылдың 22 қаңтары сағат 12:59-ға дейін (Астана уақытымен) мына сілтеме арқылы дауыс беру қажет.

Қатысушылар арасында Arlan Biotech, Investbanq, Idos Games және Teen Tech Ed атты қазақстандық стартаптар бар. Бұл — Қазақстанның ғана жетістігі емес, бүкіл Орталық Азия мақтанышы. Финалистердің тағдырын көбіне көрермен дауысы шешеді: ең көп дауыс жинаған 3 стартап бас жүлде үшін таласқа түседі.

Стартаптарымыз Digital Bridge форумы аясында ұйымдастырылған арнайы кезеңде дараланды. Әлемдегі ең ықпалды венчурлық инвесторлардың бірі Тим Дрейпер Қазақстанның цифрлық трансформациядағы жоғары әлеуетіне тоқталып, елдегі инновациялық бастамалардың маңызын атап өтті.

Meet the Drapers — әлемдегі ең ірі питчинг байқауы, ол стартаптарға өз идеяларын танытып, ықпалды инвесторлардың қолдауын алып, әлемдік стартап-экожүйесінің бір бөлігі болу мүмкіндігін ұсынады. Қазылар алқасы құрамында Tesla мен SpaceX-ке инвестиция жасаған Тим Дрейпер, оның әкесі Билл Дрейпер және әпкесі Полли Дрейпер бар.

Meet the Drapers шоуының жетінші маусымы әлемнің ең ірі қалаларында түсірілді: Абу-Даби, Париж, Остин, Майами, Нью-Йорк, Карачи, Кремний алқабы мен Астана қаласында. Қазақстан осы ғаламдық тарихтың бөлшегі болып, халықаралық стартап-экожүйесінде өз рөлін айшықтады.

Қазақстандық стартаптардың осынша мәртебелі халықаралық жобаға қатысуы Орталық Азиядағы IT-индустрияның қарқынды дамуын айқындайды. Сіздің дауысыңыз қазақстандық стартаптардың финалға жолдама алып, көкейдегі мақсатқа жетулері үшін зор ықпал етеді.

Дауыс беру тәртібі:

  1. Meet the Drapers шоуының ресми сайтына өтіңіз.
  2. Қатысушылар арасынан қазақстандық стартаптарды тауып, оларды таңдаңыз.
  3. Таңдаған стартаптың сипаттамасы астындағы «Дауыс беру» батырмасын басыңыз.
  4. Электронды пошта мекенжайын енгізіп, дауысыңызды растаңыз.

Әр электронды поштамен бір рет қана дауыс беруге болады. Тек расталған дауыстар есепке алынады, сондықтан пошта жәшігіңізді немесе спамды тексеруді ұмытпаңыз.

Қолдау көрсетіп, әлемге өңіріміздің инновациялық әлеуетін танытайық!

Digital Bridge форумы аясында Астанада түсірілген қазақстандық командалар шығарылымы 24 қаңтар күні шоудың сайтына жүктеледі. Онда Kaspi.kz бас директоры және құрылтайшысы Михаил Ломтадзе, Freedom Holding Corp. холдингінің негізін қалаушы Тимур Турлов және Qazaqstan Investment Corporation басқарма төрағасы Айнұр Қуатова шақырылған төрешілер ретінде қатысады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -