Еуропалық одақ Қазақстанмен адам құқықтары саласындағы диалогты арттыруда, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Еуропалық одақтың Адам құқықтары жөніндегі арнайы өкілі Олоф Скугпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы түрлі салалардағы, соның ішінде адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы ынтымақтастыққа қатысты көптеген мәселелер талқыланды.
Қазақ дипломаты құқық үстемдігін нығайтуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және демократиялық институттарды дамытуға бағытталған саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар туралы өзекті ақпаратты ұсынды.
М. Баймұхан реформалар шеңберінде «Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі омбудсмен туралы» Заңды, «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңды қабылдауды, саяси плюрализмді кеңейтуді және халықтың осал топтарының құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктерін енгізуді қоса алғанда, елеулі прогреске тоқталды.
Конституциялық соттың рөлі мен азаматтар мен үкімет арасындағы ашық диалогты көздейтін «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Тараптар «ЕО-Қазақстан» және «ЕО-Орталық Азия» платформалары шеңберінде Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі мен ЕО-ның Адам құқықтары жөніндегі арнайы өкілі арасындағы тұрақты диалогтың перспективаларын талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы адам құқықтары бағытындағы ынтымақтастықты ілгерілету және азаматтық қоғамды дамыту үшін белсенді байланыстарды қолдау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.