Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азияның болашағын талқылады

7194
Фотосурет: Gov

Қазақстан Сыртқы істер министрі Өзбекстан Елшісін қабылдады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Өзбекстанның Қазақстандағы Елшісі Бахтиёр Ибрагимовты қабылдады.

Кездесу барысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы саяси, сауда-экономикалық, су-энергетика және транзит-көліктік салаларындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері талқыланды.

Өткен жылдың сәуір айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Хиваға жұмыс сапары және тамыз айында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің Астанаға жасаған мемлекеттік сапары нәтижелерінде жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға ерекше назар аударылды.

М.Нұртілеу Өзбекстанмен достық, стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге Қазақстанның мүдделілігін атап өтті.

Бұл тұрғыда екі мемлекет басшыларының алдағы жылдары тауар айналымын 10 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту жөніндегі мақсатына қол жеткізу үшін сауда, өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, ғарыш салаларындағы кооперациялық байланыстарды тереңдету үшін жаңа өсу жолдарын іздеудің маңыздылығы аталып өтті.

Өз кезегінде Өзбекстан Елшісі Ташкенттің Қазақстанмен одақтастық қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға деген берік ұстанымы туралы хабарлады.

Кездесу барысында халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу өтті. Көпжақты құрылымдар аясында өзара қолдау көрсетуді және Орталық Азия өңірінің тұрақты дамуына жәрдемдесуді жалғастыруға дайындық білдірілді.

Алдағы биік және жоғары деңгейдегі іс-шаралар кестесі қарастырылды.

Сұхбат соңында Б.Ибрагимов кездесу үшін алғысын білдіріп, өзбек-қазақ ынтымақтастығын жан-жақты тереңдету үшін барлық күш-жігерін жұмсайтынына сендірді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -