Олжас Бектенов Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің шағын құрамдағы отырысына қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің шағын құрамдағы отырысына қатысты. ЕАЭО шеңберіндегі мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
Шағын құрамдағы ЕҮАК отырысына Одаққа қатысушы елдер үкіметтерінің басшылары: Беларусь Республикасы – Роман Головченко, Қырғыз Республикасы – Адылбек Қасымалиев, Ресей Федерациясы – Михаил Мишустин, Армения Республикасы вице-премьері Мгер Григорян, ЕЭК алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты.
Олжас Бектенов Еуразиялық үкіметаралық кеңес алаңындағы халықаралық диалогтің маңызды екеніне тоқталып, қабылданған шешімдер интеграциялық үдерістердің дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.
Өз кезегінде, Беларусь Республикасының Премьер-министрі, ЕҮАК төрағасы Роман Головченко ЕАЭО елдерін тығыз экономикалық қатынастар мен ауқымды сауда айналымы байланыстыратынын атап өтті.
Төрағалық етуші тараптың мәліметінше, бүгінде Одақтың ЖІӨ тұрақты өсуді көрсетіп отыр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Одақ экономикасының жұмыс істеуінің негізгі көрсеткіші шамамен 4%-ды құрайды. Сонымен қатар 2030 жылға дейін ЕАЭО шеңберінде экономикалық процестерді одан әрі дамыту туралы декларацияда, оның ішінде әлемдік экономиканы дамытудың соңғы үрдістерін, жаңа технологиялар мен инновациялардың пайда болуын ескере отырып, Одақтың жалпы көзқарасына жақындау үшін бірлескен күш-жігердің қажеттілігі атап өтілді.
Агроөнеркәсіп кешеніндегі өндірістің тұрақтылығын арттыруға және саланың инновациялық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруды қолдау тетігі талқыланды. Асыл тұқымды мал шаруашылығын, ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясын, тұқым шаруашылығын дамыту ретінде, мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, АӨК инфрақұрылымын кеңейту сияқты бағыттарға ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ ЕАЭО интеграцияланған ақпараттық жүйесін дамыту перспективалары бойынша пікір алмасты. Аталған бағыт бойынша жұмысты жандандыру қажет екені атап өтілді.
ЕҮАК отырысы кеңейтілген құрамда жалғасады.