Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астанаға ресми сапармен келген Түрікменстан Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен келіссөздер өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Кездесу барысында қазақ-түрікмен ынтымақтастығының кең ауқымды мәселелері, оның ішінде саяси, сауда-экономикалық, транзит-көліктік, энергетика және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимыл перспективалары талқыланды.
Тараптар достық, тату көршілік және өзара құрмет рухындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға бейілділігін ерекше атап өтті.
Қазақстан мен Түрікменстанның сыртқы саяси ведомстволарының басшылары 2024 жылғы қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ашхабадқа жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың іс жүзінде іске асырылу барысын жан-жақты қарастырды. Парламентаралық және үкіметаралық байланыстарды нығайту бағытында одан әрі жәрдемдесу бойынша келісті.
Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселесіне ерекше назар аударылды. Соңғы екі жылда Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы өзара сауда көлемі тұрақты түрде 500 млн доллардан асып келеді. Мемлекет басшылары белгілеген екіжақты тауар айналымын 1 млрд долларға дейін ұлғайту жөніндегі мақсатқа жету үшін келісілген шаралар қабылдауға уағдаласты.
Энергетика және көлік салаларында айтарлықтай әлеуетке назар аударылды. Осы бағыттардағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайындық білдірілді.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың мазмұнды күн тәртібі ерекше аталып өтті. Мемлекет басшыларының тапсырмасына сәйкес, өткен жылы Астанада Мақтымқұлы ескерткішінің, Ашхабадта Абай мен Құрманғазы ескерткіштерінің салтанатты ашылу рәсімдері өтті, сондай-ақ Қазақстан мен Түрікменстанның мәдениет күндері ұйымдастырылды.
Кездесу барысында министрлер өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша «сағаттарды теңестірді», көпжақты құрылымдар шеңберінде тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға, сондай-ақ екі мемлекет бастамаларын ілгерілету барысында өзара қолдау көрсетуге мүдделілігін растады. Осыған байланысты халықаралық ұйымдар шеңберінде бір-бірінің кандидатураларын қолдау жөніндегі тиісті вербалды ноталармен алмасу өтті.
М.Нұртілеу түрікмен тарапын Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен Түрікменстанның ұсынысы бойынша жарияланған Халықаралық бейбітшілік пен сенім жылының басталуымен құттықтады.
Сыртқы істер министрлері Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері және Халықаралық Аралды құтқару қоры шеңберінде өңірлік ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ Орталық Азияда бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту бойынша бірлескен күш-жігердің маңыздылығын ерекше атап өтті.