Қазақстанның Болгариядағы Елшісі Виктор Темірбаев жаңадан тағайындалған Болгария Экономика және өнеркәсіп министрі Петр Диловпен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Кездесу барысында сұхбаттастар екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастардың қазіргі жағдайы мен одан әрі дамыту, оның ішінде Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде әлеуетті бағыттар бойынша перспективаларды қарастырды. Астана мен София арасындағы кооперацияның келешегіне ерекше назар аударылды.
В. Темірбаев болгар тарапын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалармен, Үкіметтің қолайлы инвестициялық ахуал құру бойынша жасап жатқан жұмысымен, шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдау шараларымен және «Астана» халықаралық қаржы орталығында берілетін мүмкіндіктермен таныстырды. Қазақ дипломатының пікірінше, көлік және логистика, АӨК, цифрландыру, туризм, сирек кездесетін шикізаттарды игеру салалары Қазақстанмен ынтымақтастықты арттыру үшін болгар бизнесіне жаңа мүмкіндіктер ашады.
Тараптар сондай-ақ Софияда Қазақстан-Болгария Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының кезекті 5-ші отырысына дайындық және өткізуге байланысты мәселелерді егжей-тегжейлі талқылады.
Өз кезегінде, П. Дилов Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды рөлін, оның Еуропа мен Азияда арасындағы сауда-саттық желісінде транзиттік әлеуетін атап өтіп, сауда-экономикалық және инвестициялық бағыттарда практикалық өзара іс-қимылды арттыруға дайын екенін растады.
Соңында тараптар кездесу барысында көтерілген барлық мәселелер бойынша жұмыс байланыстарын жалғастыруға келісті.
ҚР СЖРА Статистика бюросының мәліметіне сәйкес, Қазақстан мен Болгария арасындағы 2024 ж. 11 айдағы сауда айналымы 349,8 млн АҚШ долларын (+3,9 есе өсім) құрады, оның ішінде ҚР экспорты – 284,8 млн, Болгариядан импорт – 65,0 млн.
2024 ж. 9 айда Қазақстанға 6,2 млн доллар көлемінде болгар инвестициясы тартылды.