«TURKTIME»: Түркі әлемінің тұрақты дамуындағы жаңа серпін

2101
Фотосурет: Anadolu

Түркі елдері арасындағы ынтымақтастық аясы жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымының төрағасы ретінде бауырлас елдердің байланысын нығайтуда маңызды үлес қосты. Әсіресе, саяси, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуге баса назар аударылды. Бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып, 80-нен астам іс-шара ұйымдастырылды. Солардың ішінде Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ерекше атап өтуге болады. 2021 жылы Түркістан қаласы түркі әлемінің рухани астанасы ретінде жарияланып, халықтар арасындағы достық пен бауырластықты нығайтуда маңызды рөл атқарды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетінде берген сұхбатында осы және түркі әлемінің барлық мүшелері үлкен қызығушылықпен қабылдаған Қазақстанның «TURKTIME!» ұранын тағы тілге тиек етті. Аталған бастама ынтымақтастықтың сегіз басымдығын қамтиды: дәстүрлер, унификация, реформалар, білім, сенім, инвестиция, медиация және энергия. Мемлекет басшысының сөзінше, Қазақстан түркі дүниесін біріктіруді көздейтін барлық жасампаз бастаманы қолдайды, Ресейдің «Алтай – түркілердің алтын бесігі» атты тұжырымдамасына да жақсы қарайды. Түркі әлемінің интеграциясы, алдағы ықпалдастық жолында Қазақстанның атқарар рөлі, Президент көтерген «TURKTIME» бастамасының болашағы туралы «Ахыска» республикалық түрік этномәдени орталығы төрағасының бірінші орынбасары Расул Ахметовпен сұхбаттасқан едік.

Түркі әлемінің интеграциясы

–Расул Сурмалиұлы, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев түркі халықтары арасындағы байланысты нығайту және ортақ тарихи-мәдени мұрамызды насихаттау қажеттілігі туралы жиі айтып келеді. Сіз түркі халықтарының бірлігін одан әрі нығайту үшін қандай нақты қадамдар жасалуы тиіс деп ойлайсыз?

– Түркі халықтарының бірлігін нығайту үшін бірнеше маңызды қадамдарды жүзеге асыру қажет.

Мәдени және тіл ынтымақтастығы: түркі мәдениетін насихаттайтын түрлі шаралар ұйымдастырып, түркі тілдерін үйрену мен қолдануды ынталандыру, ортақ терминологияны дамыту керек.

Экономикалық әріптестік: ортақ экономикалық жобалар мен сауда алаңдарын құрып,Транскаспий көлік дәлізі сияқты инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру тиіс.

Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық: халықаралық терроризм мен трансұлттық қылмыстарға қарсы бірлескен әрекеттер, әскери жаттығулар мен қорғаныс саласындағы тәжірибе алмасулар өткізу қажет.

Дипломатиялық және саяси ықпалдастық: халықаралық ұйымдарда ортақ ұстанымдарды үйлестіру, түркі елдерінің саяси стратегияларын біріздендіру.

Түркістанды дамыту: Түркістанды рухани орталық ретінде дамыту үшін инфрақұрылымдық және туристік жобаларды ары қарай іске асыру керек.

Экологиялық ынтымақтастық: климаттық өзгерістермен күрес және қоршаған ортаны қорғау бойынша ортақ жобалар. Менің ойымша, бұл қадамдар түркі елдерінің саяси, мәдени және экономикалық байланыстарын нығайтып, ортақ болашақ құруға негіз бола алады.

Қазіргі таңда бірнеше халықаралық түркі тілдес мемлекеттердің ұйымдары бар. Мәселен, TURKSOY, TMU, TUDBO және басқа да ұйымдар жатады. Бүгінде Қазақстан барша түркі тілдес ұлттар мен ұлыстардың ата жұрты есебінде мойындалып, көптеген түркі тілдес халықтардың халықаралық жобаларында төрағалық етті. Елордамыз да түркі тілдес мемлекеттердің бас қосатын орнына және астанасына айналды. Мұндай игі қадамдар түркілік интеграцияға үлкен септігін тигізіп, оны әрі қарай дамыта түсетіні сөзсіз. 

Жыл сайын Астанада барлық түркі тілдес мемлекеттердің басшылары бас қосады. Бірер жыл бұрын Түркия Президентінің «Алып Тұран» идеологиясы дүниеге келді. Келешекте бұл жоба барша түркі халықтарын саяси, мәдени, экономикалық және рухани тұрғыдан біріктіретін ең қуатты жобаға айналуы мүмкін. Қазақстан бұл жобаны іске асыруда ең үлкен түркі мемлекеті ретінде көшбасшылық танытатыны анық. Түркілік бірлікті күшейтіп, арадағы ынтымақтастықты нығайту үшін, ең алдымен, тарихи оқулықтарды саралап, дербес тарихшылар санын көбейту қажет. Жастарға арналған білім беру жобаларын жетілдіріп, бауырлас елдердің талапкерлері үшін білім гранттарының санын ұлғайту керек. Бұл түркілік мәдени интеграцияны жеделдететін маңызды қадамдар болары сөзсіз.

Экономикалық ынтымақтастық

Түркі мемлекеттері арасындағы сауда айналымын арттыру және кедергілерді азайту үшін қандай шаралар қабылданып жатыр? Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін толық пайдалану үшін қосымша қандай жобалар қажет?

 –Бұл мәселе арнайы зерттеу институттары шеңберінде көптеген жылдар бойы зерттеліп келе жатқан мәселе. Ең алдымен ұлттық импорт пен экспорт өнімдерінің нақты пайыздық көрсеткішіне мән берген дұрыс. Президенттің «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында соңғы 10 жылда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің арасындағы алыс-беріс айтарлықтай артқаны айтылды. Бір ғана мысал, 2024 жылы өзара сауда-саттық көлемі 45 миллиард доллардан асқан. Қазіргі таңда түркі мемлекеттерінің сауда айналымын күшейтуде және барынша кеңейтуде Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің рөлі жоғары болып, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және цифрландыру салаларындағы ықпалдастықты дамытып отыр. Бүгінде аталған бағыт бойынша контейнерлік тасымалдау көлемі артып, көрсеткіш екі есе өскен. Десек те, Каспий теңіз жолдарын толық игеру мүмкіндігі шектеулі. Неге десеңіз, Солтүстік және солтүстік-батыс бағыты Ресейге тиесілі болса, оңтүстік жағалауы Иран құзіретінде. Қалған Каспий жағалауын Түрікменстан, Қазақстан, Азербайжан мемлекеттері пайдаланып келеді. Теңіз жолдарының мүмкіндігін толық пайдалану үшін саяси, һәм экономикалық тұрғыда жаңа да қуатты жобалар керек тәрізді. Келешекте дербес ауа кеңістігін мейлінше игеру жобалары өз мақсатына толыққанды көшуі де мүмкін.

 Мәдени және гуманитарлық ықпалдастық

–Түркістанның «түркі әлемінің рухани астанасы» мәртебесін арттыру үшін қандай шаралар атқарылып жатыр? Түркі елдерінің ортақ тарихи-мәдени мұрасын насихаттау мақсатында қандай жаңа жобалар жүзеге асырылуы мүмкін?

–Түркістан қаласы барша түркі тілдес мемлекеттердің рухани астанасының рөліне бекерден бекер таңдалмады. Біріншіден, Түркістан қаласы – осы Ұлы даладағы түркілердің қолымен қаланған ең көне және ең алғашқы шаһарлардың бірі. Қазақ жерінде құрылған ерте түркілік мемлекеттердің нығаюы мен өркендеуінде де Түркістан қаласының ізі байқалады. Бұл қалада қазіргі таңда Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті де жұмыс жасап отыр. «Түркістан» дегенде, әр қазақстандықтың кеуде кере мақтанышпен айтатын:

Түркістан – ер түріктің бесігі ғой,

Түркістан – екі дүние есігі ғой.

Ғажайып Түркістандай жерде туған,

Түріктің Тәңір берген несібі ғой, -

деп жырлаған деп жырлаған Мағжан Жұмабаевтың өлең шумақтары ойға оралады.

Түркістанның «түркі әлемінің рухани астанасы» мәртебесін арттыру мақсатында бірқатар шаралар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Түркістанды халықаралық деңгейде насихаттау. Түркістан қаласының тарихи және мәдени мұрасын сақтау және халықаралық деңгейде таныту үшін қалада түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Түркі халықтарының мәдениетіне, салт-дәстүріне негізделген фестивальдер, көрмелер мен конференциялар өткізу арқылы Түркістанның рөлі мен маңызы артып отыр. Түркістан қаласының инфрақұрылымын жаңарту және дамыту жұмыстары жолға қойылған. Жаңа мәдени және тарихи орталықтар, музейлер мен білім беру мекемелері ашылып, түркі әлемінің рухани құндылықтарын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатында түрлі жобалар іске асырылуда. Бұл жұмыстар қаланың рухани астаналық мәртебесін нығайтуға зор үлес қосады. Түркістандағы халықаралық шаралар мен кездесулер түркі елдерінің арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

Түркі елдерінің ортақ тарихи-мәдени мұрасын насихаттау үшін қолға алынуы тиіс бірнеше жобаны атап өтер едім. Біріншіден, түркі халықтарының дәстүрлі өнерін, музыкасын, қолөнерін танытатын фестивальдер мен көрмелерді жиі өткізу. Бұл түркі әлемінің мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға және мәдениетаралық диалогты дамытуға бағытталған тиімді жоба болар еді. Екіншіден, Түркі дүниесіне қатысты білім беру бағдарламалары мен жобалар. Түркі елдерінің тарихы мен мәдениетін тереңінен зерттеу үшін университеттер мен ғылыми мекемелер арасында ынтымақтастық орнату. Жастар арасында түркі мәдениетіне деген қызығушылықты арттыру мақсатында арнайы білім беру бағдарламалары, ғылыми конференциялар мен курстар ұйымдастыру. Үшіншіден, Түркістандағы түркі әлемі мұражайы. Түркістанда түркі халықтарының мәдениетіне, тарихына және өнеріне арналған үлкен мұражайлар санын арттыру қажет. Ол мұражайларда түркі әлемінің әртүрлі кезеңдеріндегі тарихи жәдігерлер, өнер туындылары мен қолөнер бұйымдары жинақталса, келушілер түркі мәдениетінің терең мәнін ұғынар еді деп ойлаймын. Төртіншіден, Түркі тілдері мен әдебиетінің халықаралық орталығы. Түркі тілдері мен әдебиетін зерттейтін ғылыми орталық құру арқылы түркі тілдерінің бай мұрасын сақтап, оны әлемге таныту. Түркі тілдері туралы халықаралық семинарлар мен курстар өткізіп, ғылыми жобалар ұйымдастыру. Бұл шаралар мен жобалар түркі халықтарының ортақ мәдениеті мен тарихын сақтау және оны қазіргі ұрпаққа жеткізу үшін маңызды қадамдар болып табылады.

Түркістан қаласының ежелгі тарихы тек қазақ халқына ғана емес, сонымен бірге біртұтас түркі әлеміне де ортақ тарих екені рас. Ғылымда белгілі түркітану, түркология, көне түркі тілі лингвистикасы салалары айтарлықты жақсы дамып, тек түркі ғалымдарын да ғана емес, сонымен бірге ағылшын, неміс, орыс, қытай, француз, араб, парсы, үнді халықтарының ғалымдарының назарын да өздеріне аударып келе жатыр. Түрік бауырларымыз өз тарихын киноленталы сериалдарға аударып түсіре бастаған секілді, сол үлгіде Ыстамбұл тәжірибесінің негізінде Қазақстанда да тарихи сериалдардың келешекте көп түсірілуі жолға қойылып отыр. Өскелең ұрпақты экран жүзіндегі көп тасымалдағыш бейнелер арқылы ұлттық тарихқа, рухани мәдениетке баулу мәселелері көтеріліп жатыр.

Аймақтық қауіпсіздік

–Түркі мемлекеттері ұйымы аймақтағы қауіпсіздікті нығайтуда қандай рөл атқара алады?

–Түркі мемлекеттері ұйымы аймақтағы қауіпсіздікті нығайтуда маңызды рөл атқара алады. Ұйымға мүше елдер ортақ тарихи, мәдени және геосаяси байланыстарға ие, бұл өз кезегінде оларды аймақтық қауіпсіздік мәселелерінде бірлесе әрекет етуге жетелейді. Түркі мемлекеттері ұйымы өзара дипломатиялық байланыстар мен ынтымақтастықты нығайту арқылы аймақтағы тұрақтылықты арттыруға ықпал етеді. Ұйымның мүшелері арасындағы өзара түсіністік пен келісімдер қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, ұйым өз мүшелерінің қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері бойынша ынтымақтастығын дамыта алады. Бұл әсіресе террористік қауіп-қатерлермен, қарулы қақтығыстармен және басқа да аймақтық қауіптермен күресте маңызды. Ұйым елдері ортақ қауіпсіздік стратегияларын қалыптастыра отырып, аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бірлесіп жұмыс істей алады. Тағы бір айта кетерлік, түркі мемлекеттері ұйымы халықаралық аренада бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдай алады. Мысалы, гуманитарлық дағдарыстар мен аймақтық шиеленістерге жауап ретінде дипломатиялық араағайындық жасау, бітімгершілік күштерді орналастыру немесе басқа да бейбіт жолмен шешу механизмдерін қолдану.

«TURKTIME!» тағылымының болашағы

–«TURKTIME» ұранының басымдықтары түркі әлемі елдерінің дамуына қалай әсер етуі мүмкін?

–«TURKTIME» ұранының басымдықтары түркі әлемі елдерінің дамуына оң әсер етуі мүмкін, себебі олар біртұтас мақсаттарға жету үшін ынтымақтастықтың негізін қалайды. Бұл бастама түркі әлемі елдерінің экономикалық, мәдени, әлеуметтік және саяси саладағы дамуын бір арнаға тоғыстыруға көмектеседі. Әрбір басымдық түркі мемлекеттері арасындағы байланысты нығайтуға және аймақтық ықпалдастықты арттыруға ықпал ететінін ескере отырып, олардың дамуына мынадай әсер етуі мүмкін:

Traditions (дәстүрлер) Түркі халықтарының ортақ дәстүрлерін сақтау және дамыту арқылы мәдени мұралар насихатталады, бұл халықтар арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастықты арттырады. Мәдени интеграция жеделдетіліп, халықтардың мәдени байлықтары сақталады және ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіледі.

Unification (унификация) Түркі елдерінің бірлігі мен ынтымақтастығын нығайту, ортақ мүдделер мен мақсаттарға бағытталған әрекеттерге бірігу түркі халықтарының саяси және экономикалық күші мен ықпалын арттырады. Бұл экономикалық блоктың тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз етеді.

Reforms (реформалар) Ұйымға мүше елдерде реформалар жүргізу арқылы әртүрлі салаларда, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, экономика, және әлеуметтік қызметтерде тиімділік пен сапа жақсарады. Бұл түркі мемлекеттерінің халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Knowledge (білім) Білім саласында ынтымақтастықты дамыту түркі әлеміндегі жастарды білім мен инновацияларға бейімдейді. Білім беру жобалары мен ғылым мен технологиялардағы ынтымақтастық білім деңгейін жоғарылатуға және аймақтық дамуды ынталандыруға мүмкіндік береді.

Trust (сенім) Түркі елдері арасында сенімнің нығаюы саяси тұрақтылықты арттырып, ынтымақтастықты тереңдетеді. Бұл халықаралық деңгейде түркі мемлекеттерінің мықты саяси және экономикалық серіктес ретінде көрінуіне жол ашады.

Investments (инвестиция) Түркі елдері арасында инвестицияларды тарту мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған шаралар ортақ экономикалық өсу мен даму жоспарын жүзеге асырады. Түркі әлемінің ішкі нарығы күшейіп, экономикалық қатынастар дамиды.

Mediation (медиация) Түркі мемлекеттері халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу үшін араағайындық жасай отырып, әлемде бейбітшілік орнату процесінде маңызды рөл атқара алады. Бұл олардың халықаралық дипломатиядағы беедлін арттырады.

Energy (энергия) Түркі әлемі энергетика саласындағы ынтымақтастықты күшейтіп, өзара энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл бастама аймақтағы энергетикалық тұрақтылықты нығайтады және бірлескен жобаларды іске асыруға ықпал етеді.

«TURKTIME» ұранын түркі әлемінің тұрақты дамуындағы жаңа серпін дер едім.

Қазір елімізде «Tүрік бірлігі» деген журнал шығады. Онда Қазақстанда өмір сүретін түркі тілдес ұлттар мен ұлыстардың күнделікті өмірлерінен әлеуметке үзік сыр жеткізіледі. Мерзімді баспасөз түркі әлеміндегі орын алып жатқан барша саяси және мәдени өзгерістерден жергілікті халықты хабардар етіп, олардың басым өкілдерінің мемлекет ішіндегі саяси белсенділігін арттыру аясында жұмыс жасап келе жатыр. Қазақстан халқы ассамблеясы қолдауымен түрлі түркі халықтары өкілдерінің әр көлемдегі басқосулары өтіп, барлық іс-шаралар басылымға беріліп отырады. Келешекте түркі мемлекеттерінің барша жастарын біріктіруші құралға да жетуі ғажап емес. Сол орайда жасалатын келешек қадамдардың жоспарлары көлемді жобаларға айналып, жақсы өнім бере алатыны мәлім.

 «Түрік бірлігі» - барша түркіге ортақ жас ерекшеліктеріне шектеу қойылмаған публицистикалық журнал. Алдағы уақытта жазылушылардың санына орай, бұл журналдың: қазақша, қырғызша, түрікше, татарша, өзбекше, ұйғырша, әзербайжанша шығатын нұсқалары да қарастырылып отыр. Журналдың ең негізгі мақсаты жастарды әлеуметтік желілер мен қалталы құрылғыларға тәуелді қылмау, ол беттерде жоқ ақиқат жаңалықтарды мейлінше молайту және кітап оқуға дағдыландыру. Заманауи сәнді қолданбалы дизайн негізінде жабдықталып, оқырманның назарын бірден еріксіз өзіне аударатын журнал жасауға талпынып келеміз. Ел аузында жүрген өзекті мәселелерді қозғап, түркі халықтарының ортақ тарихы мен бүгінгі саясатына байланысты өзгерістерге қатысты мақалалар санын үнемі арттырып, жақын арада бұл басылымды көлем жағынан да үлкейту мәселесі өзекті жолда тұр.

 Білім беру және жастар саясаты

–Түркі мемлекеттері арасындағы білім беру және жастар алмасу бағдарламаларын кеңейту үшін қандай қадамдар жасалуы мүмкін? Түркі елдерінің жастарын ортақ мәдениет пен дәстүрлер төңірегінде біріктіру үшін қандай жобалар іске асырылып жатыр?

Сұрағыңыз өте орынды. Түркі мемлекеттері арасындағы білім беру және жастар алмасу бағдарламаларын кеңейту үшін бірнеше маңызды қадамдарды жүзеге асыру қажет. Бұл қадамдар жастар арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, ортақ мәдениет пен дәстүрлер төңірегінде бірігуге ықпал етеді.

Біріншіден, білім беру және жастар алмасу бағдарламаларын кеңейту қажет. Түркі мемлекеттерінің жоғары оқу орындары арасында ортақ білім беру бағдарламаларын әзірлеу. Бұл бағдарламалар түркі тілі мен мәдениетін, тарихын тереңірек үйренуге мүмкіндік береді. Шетелде оқу мүмкіндіктерін арттыру: Түркі елдері арасында студенттер алмасу бағдарламаларын кеңейтіп, студенттердің басқа түркі елдерінде білім алуын ынталандыру. Түркі тілінде оқытатын университеттердің санын арттыру. Сонымен қатар, түркі елдеріне білім беру гранттарын ұлғайту керек деп санаймын. Түркі елдерінің жоғары оқу орындары арасында қос дипломдық бағдарламалар ашу керек, бұл жастарға екі елдің білім жүйесін игеріп, түрлі мәдениеттер мен ғылыми тәжірибелермен танысуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ түркі мемлекеттері арасында білім беру жүйелері мен ғылыми зерттеулер бойынша халықаралық форумдар мен конференциялар ұйымдастыру шарт. Бұл жастардың бір-бірімен тәжірибе алмасуына және ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Екіншіден, жастардың ортақ мәдениет пен дәстүрлер төңірегінде бірігуі үшін жаңа жобалар ұйымдастыру қажет. Мәселен, түркі мемлекеттерінің жастары арасында дәстүрлі өнер, музыка, би, қолөнер сияқты мәдени аспектілерді дәріптейтін фестивальдарді жиі ұйымдастыру қажет деп есептеймін. Бұдан өзге, түркі тілдес елдердің жастары арасындағы мәдени және әлеуметтік мәселелерді талқылайтын форумдар өткізу. Бұл жастардың бір-бірімен танысып, ортақ қызығушылықтар мен дәстүрлер төңірегінде бірігуіне септігін тигізеді. Түркі мемлекеттерінің жастарына арналған әлеуметтік жобалар мен бастамаларға қолдау көрсету. Мысалы, экологиялық, әлеуметтік және мәдени проблемаларға қатысты жастардың бірлесіп жұмыс істеуін ынталандыру. Түркі мемлекеттерінің жастары арасында ортақ спорттық турнирлер мен жарыстар арнайы олимпиада ұйымдастыру. Бұл шара жастардың өзара ынтымақтастықта болуын, дене тәрбиесі мен спортқа деген қызығушылықты арттырады. Сондай-ақ Түркі елдерінің тарихы мен мәдениетін зерттеу мақсатында жастарға арналған ғылыми зерттеулер мен экспедициялар болса, өскелең ұрпақ түркі әлемінің ортақ тарихы мен мәдени мұраларын терең түсінер еді.

Үшіншіден, түркі жастарының интеграциясын қолдайтын нақты жобалар. Түркі тілінде ақпараттық және білім беру контентін жасап, жастар арасында медиа алаңдарда пікір алмасуларды ұсыну, жастар арасындағы волонтерлік бағдарламалар ұйымдастыру. Бұл бағдарламалар жастарға түрлі елдерде тәжірибе алуға мүмкіндік береді және түркі мәдениетін кеңінен танытады.

Бәріміз білетіндей, XXI ғасыр – білім мен бәсекелестік ғасыры. Түркі халықтарының арасындағы білім мен тәжірибе алмасуды күшейтуде барша түркі мемлекеттері әртүрлі белсенділік танытуда. Бәрінің басын түйістіріп, ортақ жобалар ұсынып жүрген – Түркия. Жыл сайын түркі тілдес мемлекеттердің талапкерлері үшін түрлі жеңілдіктер қарастырып, өз мемлекетінде тегін білім алу грантын беріп келе жатыр. Бұл өз кезегінде Түркияның үлкен түркі әлеміне деген өзінің жанашырлығы мен бауырмалдастығын көрсететіндей. Білім беру жобасына келетін болсақ, «Turk Burislari» жобасы тура осындай мақсат аясында құрылған көрнекті де көлемді жоба болып табылады. Ортақ мәдениет пен дәстүрлер төңірегінде біріктіру үшін барша түркі мемлекеттеріне рухани жаңғыру керек секілді. Тарихи сананы қалпына келтіру арқылы түркілік біртұтастылыққа оңай да тез қол жеткіздіре аламыз. Әлем тарихынан бөлек, түркі әлемінің тарихы секілді күрделі жоба аясындағы таңдаулы есімдерді жекелеген пәндерге айналдырып, оларды кем дегенде жоғары оқу орындарының қабырғаларында талапкерлерге меңгерту керек.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -