Қытайға қазақстандық экспорт 9%-ға өсті

2475
Фотосурет: Gov

Арман Шаққалиев Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшісі Хань Чуньлинмен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың келешегін талқылады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев жақында дипломатиялық миссиясын бастаған Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинмен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын, сондай-ақ халықаралық электрондық платформалар саласындағы өзара ынтымақтастықты талқылады.

Кездесуде қос тарап онлайн-сауданы дамытуға баса назар аударды. Әңгіме барысында Қытайдың JD.com, Alibaba және Douyin секілді жетекші маркетплейстері платформаларындағы табысты бастамалар қарастырылды. 2022 жылы іске қосылған Alibaba платформасындағы Қазақстанның ұлттық павильоны 290 қазақстандық компанияны біріктіріп, 7500-ден астам тауар түрін ұсынады. Осы алаңдағы жалпы сатылым көлемі 260 миллион АҚШ долларынан асты. 2023 жылы JD.com платформасында Қазақстан павильоны ашылып, 60-тан астам өнім түрі ұсынылды. Платформаның жазылушылар саны 960 миллионнан асып, JD.com-да Қазақстан тауарларының сатылымы 2023 жылы 1 миллион юаньнан 2024 жылы 1,3 миллион юаньға дейін өскен.

Арман Шаққалиев 2024 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда айналымы тарихи көрсеткішке жеткенін атап өтті. Министр Қазақстан экспортын белсенді түрде әртараптандыру және жеткізілетін өнімдердің ассортиментін кеңейтуге ниетті екенін жеткізді.

Өз кезегінде Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлин сауда байланысында оң динамика барын мәлімдеді.

«Қытайдың Бас кеден басқармасының мәліметтеріне сәйкес, 2024 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты сауда көлемі 43,8 миллиард АҚШ долларына жетті. Қазақстанның Қытайға экспорты 15,8 миллиард АҚШ долларын құрап, 9% өсті. Бұл тенденция бізді алдағы уақытта сауда айналымын екі есе арттыруға деген амбициялық мақсатымызды жүзеге асыруға бағытталған сенімді қадамымызды растайды» Хань Чуньлин

Елші сондай-ақ энергетика, ауыл шаруашылығы, трансшекаралық сауда және қызмет көрсету салаларында ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынды.

Ол қазақстандық кәсіпкерлерді биылғы жылдың шілде айында өтетін Қытайдың халықаралық импорттық тауарлар көрмесіне қатысуға шақырды.

«Биыл біз жеті мамандандырылған аймақты ұйымдастырамыз. Олар өндірістік блок, таза энергетика, ақылды көліктер, цифрлық технологиялар, салауатты өмір салты, медицина және АӨК экологиялық таза өнімдері» Хань Чуньлин

Сонымен қатар, тараптар онлайн-сауда үшін заманауи инфрақұрылым құруды, оның ішінде қойма орындарын дамыту мәселелерін талқылады.

Екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін Қазақстан 2025 жылы бірқатар сауда-экономикалық миссиялар өткізіп, Қытайда өтетін ең ірі көрмелерге қатысады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -