Мемлекеттік басқарудағы цифрлық трансформация: Қазақстан жаһандық деңгейде тәжірибесімен бөлісуде

1936
Фотосурет: primeminister.kz

2025 жылғы 11 ақпанда Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Үкімет Аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік үкіметтік саммитіне қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz. 

Саммит аясында Ғалымжан Қойшыбаев «Қозғалмалы прогресс: тұрақты елдерді қалыптастырудағы мемлекеттік басқарудың тиімділігі» тақырыптық сессиясында сөз сөйлеп, онда мемлекеттік институттарды дамытудағы цифрлық трансформацияның шешуші рөліне тоқталды.

«Жылдам өзгеретін әлемде сын-қатерлерге тез бейімделіп, мемлекеттік қызметтерді тиімді көрсете білу және қоғамның сенімін сақтап қалу өте маңызды мәселеге айналуда. Қазақстанның тәжірибесі көрсеткендей, цифрлық трансформация мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың негізгі факторы болып саналады. Бүгінде біз озық бағдарламалық жасақтама, жасанды интеллект, иммерсивті технологиялар, кванттық есептеу, робототехника және биоинженерияны қамтитын технологиялық революцияны көріп отырмыз» Ғалымжан Қойшыбаев

Сапар барысында Ғалымжан Қойшыбаев БАӘ Министрлер кабинеті істері жөніндегі министрі Мұхаммед Абдалла Әл-Гергавимен келіссөздер жүргізді. Екіжақты серіктестіктің қазіргі жағдайы мен перспективалары талқыланды. Мемлекеттік басқаруды дамыту және жаңғырту саласындағы бұрын қол қойылған ынтымақтастық туралы Меморандумды іске асыруға ерекше назар аударылды, оның аясында Қазақстан Үкіметінің Аппараты БАӘ Үкіметтік тәжірибе алмасу кеңсесімен өзара іс-қимыл жасайды.

Ынтымақтастық басталғаннан бері ондаған қазақстандық мемлекеттік қызметшілер басқарудың озық әдістеріне оқытылды. Адами әлеуетті дамыту, цифрлық трансформация, жасанды интеллектті қолдану, бәсекеге қабілеттілікті арттыру және т.б. бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Үкіметтік акселераторлардың (Government Accelerators) тәжірибесін зерделеп, озық әдістемелерді енгізіп жатыр.

Мұндай платформалар шеңберінде халықаралық өзара іс-қимыл мемлекетаралық байланыстарды нығайтуға және қазақстандық шешімдерді жаһандық деңгейде ілгерілетуге ықпал етеді. 2024 жылы қазақстандық «Отбасының цифрлық картасы» жобасы БАӘ-дегі Дүниежүзілік үкіметтік саммитінде «Инклюзивті цифрлық трансформация» санатында 1300 өтінімнің арасында ең үздік деп танылды.

Шараға бірнеше ел үкіметтерінің басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, мемлекеттік басқару саласындағы жетекші сарапшылар, сондай-ақ 100-ден астам елден келген делегациялар қатысты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -