Қазақстан жасанды интеллектіні дамытуды жалғастырады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылы қабылданған заңнамалық нормалар осы бағыттағы ауқымды жұмыстың бастамасы ғана екенін мәлімдеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ақорданың хабарлауынша, Мемлекет басшысы бұл туралы AI Journey 2026 халықаралық конференциясы аясында Ресей Президенті Владимир Путинмен бірге жас таланттармен кездесуде айтты.

Жасанды интеллектіні дамыту 2026 жылмен шектелмейді
Қасым-Жомарт Тоқаев Цифрландыру және жасанды интеллект жылы ұзақмерзімді жұмыстың бастамасы екенін атап өтті. Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытудың құқықтық негізі қалыптасты. Алайда технологияның қарқынды дамуы Үкімет алдына жаңа міндеттер қойып отыр.
«Бұл келесі жылы жұмысты тоқтатамыз деген сөз емес. Дәл осы жылы біз осы бағытта қарқынды қадам жасадық. Тиісті заңдар мен нормалар қабылданды, яғни жасанды интеллектіні дамытудың нормативтік-құқықтық негізі қалыптасты. Бұл жолдың соңы емес», — деді Президент.
Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні экономикада, ғылымда және басқа да салаларда қолданатын білікті мамандар даярлауға ерекше назар аударды.

Қазақстандық жастарға ресейлік әріптестерімен жұмыс істеу ұсынылды
Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына сөз арнаған Тоқаев қазақстандық жастарды ресейлік әріптестерімен кәсіби байланыс орнатуға шақырды.
«Қазақстаннан келген жастарға ресейлік достармен, серіктестермен, әріптестермен бірге жұмыс істеп, ілгерілеу жолында қоян-қолтық еңбек етуге кеңес берер едім», — деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, талантты жастардың кәсіби дамуына жағдай жасау — мемлекеттік маңызы бар міндет. Ол жасанды интеллект саласында білікті мамандар даярлауды елдердің экономикалық дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етумен тікелей байланыстырды.
Оқушылар мен студенттер президенттерге сұрақ қойды
Кездесуге Қазақстан, Ресей және Үндістаннан келген жас таланттар қатысты.
Халықаралық олимпиада жеңімпаздары мемлекет басшыларымен медицинада, білім беруде, экономикада, ғылым мен өнерде жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелерін талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби жолын енді бастаған жас буынға арнайы сөз арнады.
«Біз жастардың болашағы үшін, әлі жиырма жасқа толмаған немесе жиырмаға енді ғана толған азаматтардың болашағы үшін жұмыс істейміз. Жаңа әлемде өмір сүріп, оны құратын — сіздер», — деді Қазақстан Президенті.
Бұған дейін AI Journey 2026 халықаралық конференциясында Тоқаев пен Путиннің Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы алты бағытты қамтитын жобаларымен танысқаны туралы жазған едік.
Президенттердің талантты жастармен кездесуінің толық мәліметі Ақорданың ресми сайтында жарияланды.
