Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейнмен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Әл-Хусейния сарайында Иордан Хашимит Корольдігіне ресми сапармен келген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Мемлекет басшысын Король II Абдалла бен әл-Хусейн мен Тақ мұрагері Әл-Хусейн күтіп алды.
Мәртебелі мейманның құрметіне сарай алдындағы алаңда Құрмет қарауылы сап түзеп тұрды. Әскери оркестр Қазақстан мен Иорданияның мемлекеттік әнұрандарын орындады. Құрмет қарауылы ротасы бастығының рапортынан кейін мемлекеттер басшылары келіссөз залына барды.
Президент, ең алдымен, Король II Абдалланың билік басына келгеніне ширек ғасыр толуымен құттықтап, оның Иордания халқының өсіп-өркендеуіне және елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету мен халықаралық аренадағы абырой-беделін арттыруға бағытталған жасампаз бастамаларының сәтті жүзеге асырылуына тілектестік білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосып келе жатқаны үшін Иордания көшбасшысына алғыс айтты.
Президенттің пікірінше, Иордания – бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бейіл ел ретінде халықаралық қоғамдастық тарапынан мойындалған мемлекет.
Бұл сапарымның мақсаты – біздің қарым-қатынастарымызға, достығымыз бен сауда-экономикалық байланыстарымызға тың серпін беру. Әлемде орын алып жатқан үдерістерге қатысты көзқарасымыз бен оған беретін бағамыз ортақ деп санаймын. Сонымен қатар біз саяси деңгейдегі ынтымақтастығымызды тереңдете түсуге ниеттіміз. Біздің айқын жоспарымыз бар. Таяу болашақта нақты уағдаластықтарға қол жеткізіп, оның оң нәтижелерін көретінімізге сенімдімін. Біз өзара ықпалдастығымыздың аясында аянбай жұмыс істеуге дайынбыз. Иорданияны достас мемлекет деп санаймыз. Екі елді байланыстыратын дүние көп Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгін қабылданатын Бірлескен мәлімдеме мен келісімдер Қазақстан-Иордания ынтымақтастығын екіжақты және көпжақты күн тәртібінің барлық бағыты бойынша арттыруға қос тарап та мүдделі екенін білдіреді.
Өз кезегінде Иордания Королі II Абдалла Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстарды одан әрі кеңейтуге мол мүмкіндік беретінін атап өтті.
Өзіңізді және Сіздің құрметті делегацияңызды Иорданияда қарсы алғаныма қуаныштымын. Бүгін экономикалық байланыстарды жандандыруға және жеке сектор үшін мол мүмкіндіктер ашылады. Бұл өте маңызды Деді Иордания Королі
Келіссөз барысында тараптар сауда, инвестиция, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм, энергетика, цифрландыру және фармацевтика секілді негізгі секторлардағы өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективасын егжей-тегжейлі талқылады.
Екі елдің мәдени-гуманитарлық ықпалдастығын кеңейту мәселелеріне айрықша мән берілді. Қазіргі кезде Қазақстанның медициналық оқу орындарында Иорданияның 300-ге жуық азаматы білім алып жатыр.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы мен Иордания Королі халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Кездесу соңында Президент Иордания Королін Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Келіссөздер аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордан Хашимит Корольдігінің Королі II Абдалла бен әл-Хусейн Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Сондай-ақ мемлекеттер басшыларының қатысуымен ресми делегациялар мүшелері төмендегідей құжаттарға қол қойды:
1. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігі Үкіметі арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастық мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен Иордан Хашимит Корольдігі Атом энергетикасы жөніндегі комиссиясы арасындағы атом қуатын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі мен Иордан Хашимит Корольдігі Өнеркәсіп, сауда және жабдықтау министрлігі арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум;
4. «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясы» АҚ мен Иордан Хашимит Корольдігі Инвестициялар министрлiгi арасындағы ынтымақтастық туралы келiсiм;
5. Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы «Қазақстан Республикасы Президентiнiң телерадиокешенi» шаруашылық жүргізу құқындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорыны мен Иордания радио және телевизия корпорациясы (Jordan Radio and Television Corporation) арасындағы өзара түсiнiстiк пен ынтымақтастық туралы меморандум.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының Иорданияға ресми сапары аясында ведомствоаралық және коммерциялық 10 құжатқа қол қойылды.