Қазақстан мен Нигерия қаржы және ғарыш технологиялары саласында келісімдерге қол қойды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Нигерияның Коммуникациялар, инновациялар және цифрлық экономика министрі Босун Тиджанимен кездесу өткізіп, ғарыштық технологиялар, электрондық үкімет және финтех шешімдері саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Қазақ тарапы цифрлық платформаларды дамыту, электрондық үкіметті енгізу және озық финтех шешімдерін құру тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін білдірді. Тараптар бірлескен бастамаларды дамыту және цифрлық салада нақты жобаларды іске асыру жөнінде уағдаласты.
Сонымен қатар Алжир Халық Демократиялық Республикасындағы ҚР Елшісі Ануарбек Ахметов Нигерияның Сауда-өнеркәсіп палатасы өкілдерімен кездесу өткізіп, екі елдің бизнес-қоғамдастықтары арасындағы іскерлік байланыстарды жандандыру жолдарын талқылады. Кездесу барысында тараптар қазақстандық және нигериялық компаниялардың өзара нарыққа шығуына жәрдемдесудің механизмін әзірлеу және бірлескен кәсіпорындарды дамыту бойынша бастамаларды қарастыру туралы келісімге келді.
«Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек Нигерияның Инвестицияларды дамыту комиссиясы өкілдерімен келіссөздер өткізіп, шетелдік инвестицияларды тарту тәжірибесімен алмасты және ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылады. Сонымен қатар ол Нигерияның Қаржылық интеграция министрлігінің басшылығымен кездесті. Нигерия тарапы даму институттары арқылы қаржыландыру құралдарына және мемлекеттік кәсіпорындарды тиімді басқару модельдеріне ерекше қызығушылық білдірді.
Сапар аясында қазақстандық және нигериялық кәсіпкерлер арасында B2B форматындағы кездесулер өтті. Талқылаулар барысында сауда көлемін кеңейту, бірлескен жобаларды іске қосу және өндірісті жергілікті деңгейде дамыту мүмкіндіктері қарастырылды. Келіссөздер энергетика, тау-кен металлургиясы, қаржы, көлік және логистика, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені салаларындағы компаниялардың қатысуымен өтті.
Қазақстан делегациясының сапары аясында банкінің АХҚО-да филиал ашуын және исламдық қаржы саласындағы ынтымақтастықты бастауды көздейтін АХҚО мен «Taj Bank Nigeria» арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға және ғарыш қызметі саласындағы бірлескен жобаларды дамытуды көздейтін «Kazakhstan Gharysh Sapary» ҰК» АҚ мен «Suburban Broadband Limited» арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.