Қазақстан СІМ басшысы Мароккоға алғашқы ресми сапармен барды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Марокко Корольдігінің Сыртқы істер, Африка ынтымақтастығы және шетелде тұратын марокколықтар істері министрі Насер Буританың шақыруымен Рабатқа екіжақты қатынастар тарихындағы алғашқы ресми сапармен келді.
Сұхбат барысында саяси диалогты жандандыруды, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайтуды, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық саладағы байланыстарды кеңейтуді қоса алғанда, екіжақты өзара іс-қимылды дамытудың ағымдағы жағдайы мен перспективалары талқыланды.
Энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, цифрлық технологиялар, инновациялар, білім беру және туризм сияқты салаларда серіктестікті тереңдету үшін елеулі әлеует аталып өтті. Осыған байланысты тараптар шарттық-құқықтық базаны одан әрі жетілдіруге және әртүрлі деңгейдегі сапарлармен алмасу тәжірибесін жалғастыруға дайындықтарын білдірді.
«Қазақстан Марокконы Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка өңірінде маңызды және жақын серіктес ретінде таниды. 30 жылдан астам дипломатиялық қарым-қатынастар барысында біз ортақ құндылықтарға негізделген мазмұнды саяси диалог құра алдық, сондай-ақ сындарлы парламентаралық өзара іс-қимылды жолға қоя алдық» Мұрат Нұртілеу
Өз кезегінде Н.Бурита Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі көшбасшылық рөлін ерекше атап өтіп, елінің кең ауқымды мәселелер бойынша көпжоспарлы өзара іс-қимылды сапалы нығайтуға деген берік ниеті туралы сендірді. Атап айтқанда, ол Марокко мен Қазақстанды Солтүстік Африка мен Орталық Азияға қақпа ретінде қарастыратынын атап өтті.
Сұхбаттастар өткен жылы 70%-ға өсіп, 274 млн АҚШ долларына жеткен екі ел арасындағы тауар айналымының айтарлықтай өскенін атап өтті. Бұл ретте ҚР СІМ басшысы Қазақстанның Мароккоға қосылған құны жоғары өнімдерді жеткізуді ұлғайту үшін жақсы мүмкіндіктері бар екенін жеткізді. Атап айтқанда, еліміз дайын мұнай-химия өнімдерін, металлургия өнімдерін және азық-түлік тауарларын қоса алғанда, 130 млн АҚШ доллары сомасына 25 негізгі тауар позициясы бойынша экспортты кеңейтуге дайын.
М.Нұртілеу сондай-ақ жақын арада визасыз режим туралы келісім күшіне енетінін және Марокко екіжақты визасыз режим орнатылған Африкадағы алғашқы ел болатынын атап өтті, бұл іскерлік байланыстарды дамыту және азаматтар арасындағы байланыстарды кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады.
Азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақ делегациясының басшысы Мароккоға Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының (АҚИҰ) қызметіне қызығушылық танытқаны үшін ризашылығын білдіріп, оның Жарғысын жаңын арада ратификациялаудың маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ биыл Астанада өтетін АҚИҰ-ның 7-ші Бас ассамблеясына жоғары деңгейде қатысуға шақырды.
Сондай-ақ тараптар мамыр айында өтетін Астана халықаралық форумын талқылады, ол әлемдік қоғамдастықтың өзекті сын-қатерлерді шешудегі күш-жігерін біріктіреді. Сонымен қатар ағымдағы жылы өтуі жоспарланған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 8-ші съезіне дайындық талқыланды, онда Қазақстан Марокконың жоғары деңгейде қатысуын күтеді.
Цифрландыру тақырыбы да талқылауда маңызды орынға ие болды. Қазақстан СІМ басшысы цифрлық экономиканы дамытуға бағытталған «Digital Morocco 2030» бағдарламасы шеңберінде Мароккомен ынтымақтастыққа мүдделілігін білдірді және қазақстандық IT-компаниялардың электрондық үкімет, инновациялық IT-шешімдер және киберқауіпсіздік саласындағы пилоттық жобаларды ұсынуға дайындығы туралы хабардар етті.
Министрлер Марокко жұртшылығының үлкен қызығушылығын тудырған Астана академиялық филармониясы мен Рабаттың бас оркестрі концертінің сәтті өтуіне назар аударып, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Туризм саласында айтарлықтай әлеует аталып өтті және туристік ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында тараптар 2025 жылы әуе қатынасы туралы келісім бойынша жұмысты аяқтауға және тікелей әуе рейстерін іске қосу мүмкіндігін қарастыруға келісті.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Марокко қатынастарын одан әрі нығайтуға деген өзара ұмтылысын растады. Министрлер сонымен қатар негізгі бағыттар бойынша өзара іс-қимылды кеңейту үшін жұмыс топтарын құру туралы шешімді көрсететін Бірлескен коммюнике қабылдады.
Сапар аясында М.Нұртілеу бастаған қазақ делегациясы сұлтан мен тұңғыш король Мұхаммед V (1909-1961) кесенесіне барды. Рабаттың орталығында монарх пен оның екі ұлының қабірі бар керемет ғимарат әйгілі Хасан мұнарасының жанында орналасқан. ҚР СІМ басшысы гүл шоқтарын қойып, құрметті қонақтардың жазбалар кітабына жазба қалдырды.