Иорданияның Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезіне қатысу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшісі Талғат Шалданбайдың Иорданияның Уақыптар, Ислам істері және киелі жерлер мәселелері жөніндегі министрі Мұхаммед Әл-Халайламен және ИХК Бас мүфтиі Ахмед Ибрагим Хассан Әл-Хасанатпен кездесулері өтті.
Екіжақты кездесулер барысында Қазақстан мен Иордания арасындағы діни диалог саладағы ынтымақтастық мәселелері, сондай-ақ рухани ағарту және конфессияаралық келісімді нығайту бағытындағы екі елдің өзара іс-қимылының перспективалары талқыланды. Тараптар 2025 жылғы қыркүйекте Астана қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алдағы VIII съезіне ерекше назар аударды.
Қазақстан дипломаты Министр М. Әл-Халайла мен Бас мүфти А. Әл-Хасанатқа ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың атынан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезіне қатысуға шақыруды табыс етті.
Т. Шалданбай Иорданияның аталған халықаралық форумдағы маңызды рөлін атап өтіп, Корольдіктің дінаралық диалогты дамытуға қосқан елеулі үлесіне назар аударды. Қазақстанның иордан тарапының алдыңғы съездерге белсенді қатысқанын, сондай-ақ оның толеранттылық пен өзара түсіністік қағидаттарын тұрақты қолдауын терең бағалайтыны хабарланды.
Өз кезегінде, иордан тарапы шақыру үшін ризашылық білдіріп, Қазақстанның әртүрлі діни қауымдастықтар арасындағы бейбітшілік, толеранттылық және өзара түсіністік идеяларын ілгерілету жөніндегі бастамаларын жоғары бағалады.
Сонымен қатар тараптар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 18-19 ақпанда Иорданияға жасаған ресми сапарының қорытындыларын талқылады. Бұл сапар екіжақты ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам болғандығы жөнінде пікір білдірілді.
Кездесу соңында Иордания дін басыларының жоғары өкілдері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінің сәтті өтуіне сенім білдіріп, бұл іс-шара сындарлы диалог пен әлемдік дінаралық өзара іс-қимылды нығайту үшін маңызды алаңға айналатынын атап өтті.