«TÜV» Қазақстан нарығына кіреді

3597
Фотосурет: Gov

Еуропалық «TÜV» компаниясымен Қазақстанда өңірлік кеңсе ашу жөнінде келісімге қол жеткізілді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Еуропалық одақтың астанасында Қазақстан Елшісі Марғұлан Баймұхан мен «TÜV» компаниялар тобының Азия және Африка бойынша атқарушы вице-президенті Янки Унал, сондай-ақ «TÜV»-тің Қазақстандағы бизнесті дамыту жөніндегі кеңесшісі Бауыржан Мұқаев арасында кездесу өтті, оның барысында Қазақстандағы өңірлік кеңсені ашудың егжей-тегжейлері талқыланды.

Кездесу барысында Я. Унал Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды рөлін және ел экономикасының түрлі салаларындағы даму қарқынын атап өтті. Компания басшылығының пікірінше, өңірлік кеңсенің ашылуы Қазақстан мен ЕО арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін маңызды қадам болмақ. Бұл қадам сертификаттау процестерін кеңейтуге, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және техникалық реттеу саласында заманауи стандарттарды енгізуге ықпал етеді.

Сұхбаттастың айтуынша, сертификаттау, инспекция, техникалық бақылау, экологиялық стандарттарға сәйкестікті сақтау және тұрақты даму саласындағы халықаралық көшбасшы болып табылатын «TÜV» компаниялар тобы Қазақстанға халықаралық және еуропалық талаптарға сай озық тәжірибелер мен сапа стандарттарын әкеледі. Бұл өз кезегінде жергілікті компанияларға жаңа нарықтарға шығуға, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және инновациялық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.

«TÜV» сертификаттауы Қазақстан мен ЕО елдері арасындағы тауар экспортын және импортын көздейтін компаниялар үшін ерекше маңызға ие. ISO 9001 (Сапа менеджменті жүйесі), ISO 14001 (Экологиялық менеджмент жүйесі), ISO 45001 (Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау) сияқты «TÜV» сертификаттары және CE таңбалауы өнімнің жоғары халықаралық талаптарға сәйкестігін растап, ЕО нарығына шығуды жеңілдетеді.

Өз кезегінде, қазақстандық дипломат Еуропалық одақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі екенін атап өтті. Сонымен қатар компанияның уақытылы қабылданған стратегиялық шешімі ҚР мен ЕО мемлекеттері арасындағы өзара тиімді экономикалық байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

М. Баймұхан сонымен қатар Қазақстан нарығында өз қызметін кеңейтуді жоспарлап отырған еуропалық компанияларға Елшілік тарапынан көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

«TÜV» – 1872 жылы Вена қаласында негізі қаланған тәуелсіз халықаралық ұйым. «TÜV» компаниялар тобында 3400-ден астам сарапшы және әлемнің 34 елінде шамамен 800 кеңсе бар.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -