Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі бірқатар шетелдік БАҚ-тағы жарияланымдарға жауап ретінде ОПЕК+ келісіміне толық бейілділігін мәлімдейді және белгіленген квоталардан тыс өндірілген көлемдерді өтеу шараларын қоса алғанда, өз міндеттемелерін орындау бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруда, деп хабарлайды DKnews.kz.
Ақпан айындағы квота асып кетуі Теңіз кен орнындағы Болашақ кеңейту жобасы (БКЖ) аясындағы технологиялық процестерге байланысты болды. Бұл жоба ұзақ мерзімді сипатқа ие және тұрақты энергетикалық ресурстармен қамтамасыз етуге, сондай-ақ біздің орта мерзімді міндеттемелерімізді орындауға бағытталған.
Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елдегі ірі акционерлермен және жер қойнауын пайдаланушылармен келіссөздер жүргізді. Талқылау барысында ОПЕК+ келісімі бойынша міндеттемелерді орындау кестесі расталып, белгіленген квоталардан тыс өндірілген көлемдерді өтеу шаралары келісілді.
Қазақстан Республикасы уақытша өндіріс көлемінің артуын өтеу бойынша қажетті шараларды қабылдады. Жақын арада өндіріс көлемі белгіленген лимиттерге толық сәйкес келетіндей етіп реттелетін болады. Сонымен қатар, Қазақстанның жаһандық мұнай өндірісіндегі үлесі небәрі 1,5%, ал ОПЕК+ шеңберінде шамамен 3% екенін ескеру қажет. Бұл көрсеткіштер Қазақстанның әлемдік сұраныс пен ұсыныс балансына айтарлықтай әсер етпейтінін көрсетеді. Дегенмен, бұған қарамастан, еліміз сенімді серіктес ретінде өз міндеттемелерін толық орындап келеді.
Қазақстан әлемдік мұнай нарығындағы тұрақтылықты үнемі қолдайды және ОПЕК+ келісімдеріне толық бейілді. Біз серіктестерімізбен тығыз ынтымақтастықты жалғастырып, келісілген шешімдерді әрі қарай орындауға дайынбыз. Қазақстанның мұнай өндіру саласын дамыту жөніндегі кез келген болашақ жоспарлары халықаралық міндеттемелерге және әлемдік нарықтағы жағдайға қатаң сәйкестікте жүзеге асырылатын болады.