AARON TAX AND ADVISORY LLC басшысымен сұхбат: АҚШ-тың салық салу ерекшеліктері, тәуекелдері мен ТМД елдерінен шыққан кәсіпкерлер үшін қандай мүмкіндіктер бар?
Бүгінгі біздің қонағымыз – халықаралық деңгейде мойындалған салық және қаржы кеңесшісі, Қазақстан мен шет елдерде кеңінен танымал тұлға – Нұркамила Акишева. Ол – сертификатталған аудитор, салық кеңесшісі, ACCA және CIA сынды беделді халықаралық біліктіліктердің иесі. Нұркамила өз мансабын KPMG және FinExpertiza (кейін Andersen) секілді жетекші халықаралық консалтингтік компанияларда бастаған. Ол ірі корпорацияларға кеңес беріп қана қоймай, қаржыгерлер мен бағалаушыларға арналған білім беру бағдарламаларын жасаған, сондай-ақ ACCA және NARXOZ сынды ірі университеттермен серіктестікте бола отырып, жаңа мамандар буынын тәрбиелеуге атсалысқан.
Нұркамила көптеген беделді марапаттарға ие болған, бұл оның салық салу мен консалтингті халықаралық деңгейде дамытудағы үлесін айқындайды. Жетекші компанияларға халықаралық стандарттарға сай бейімделуге және күрделі қаржы мәселелерін шешуге көмектесіп келген маманның басты жетістігі – осы тәжірибені АҚШ нарығына сәтті енгізуі. АҚШ-та ол AARON TAX AND ADVISORY LLC компаниясын құрып, ТМД елдерінен шыққан кәсіпкерлерге АҚШ нарығына табысты шығуға, салық жүктемесін оңтайландыруға және халықаралық қаржы жоспарлауды дұрыс жолға қоюға қолдау көрсетіп келеді.
@bumblee-dee/Canva
Компания және тәжірибе туралы
– Нұркамила, сіздің кәсіби жолыңыз шынымен де шабыттандырады. Халықаралық корпорацияларда қызмет етуден бастап, АҚШ-та өз бизнесіңізді табысты жолға қойғанға дейінгі сапар – оңай емес. Мұны қалай жүзеге асырдыңыз?
– AARON TAX AND ADVISORY LLC құру идеясы ТМД елдерінен шыққан кәсіпкерлердің АҚШ нарығына шығу барысында қандай қиындықтарға тап болатынын көрген кезде туды. Халықаралық аудиторлық компанияларда жұмыс істей жүріп, ірі компаниялардың түрлі юрисдикцияларда өздерінің салықтық стратегияларын қалай бейімдейтінін байқадым. Ал Қазақстан мен ТМД-дан келген кәсіпкерлерде АҚШ-тың салық жүйесіне қатысты ақпарат пен нақты шешімдер жиі жетіспейтін.
Маған тек кеңес беріп қана қоймай, ТМД елдері бизнесіне арналған қолдау экожүйесін құру маңызды болды. Өйткені АҚШ нарығына шығу – тек салықтар ғана емес, қаржы жоспарлау, бизнес бағалау, стратегиялық басқару секілді бірнеше бағытты қамтиды. Осылайша AARON TAX AND ADVISORY LLC пайда болды. Бүгінде біз халықаралық стандарттарды жекелеген жағдайларға бейімдей отырып, кәсіпкерлер мен ірі компанияларға қиын салық заңнамасы жағдайында оңтайлы шешімдер табуға көмектесеміз.
– Сіздің кәсіби тәжірибеңіз бен біліміңізден бөлек, халықаралық аренада да жетістіктерге жетіп жүрсіз. Сіз жақында Globee American Business Awards және TITAN Awards марапаттарына ие болдыңыз. Бұл марапат сіз үшін нені білдіреді және ол сіздің жұмысыңыз бен жетістіктеріңізді қалай көрсетеді?
– Globee American Business Awards және TITAN Awards лауреаты атану – менің мансабымдағы маңызды кезең. Бұл марапат менің жеке еңбегімнің ғана емес, сондай-ақ біздің командамыздың да АҚШ нарығында бизнесті бейімдеу стратегиялары мен қаржылық жоспарлаудағы табысты жұмысының мойындалуы.
Globee және TITAN сияқты марапаттар менің және командамның жаңа биіктерге ұмтылуына түрткі болып, қаржы мен салық технологияларының алдыңғы легінде болуға шабыттандырады.
Айтпақшы, мен үшін бизнесте жетістікке жетумен қатар, қоғамға да пайда тигізу маңызды. Мен табысы төмен азаматтарға салық мәселелерін түсінуге көмектесетін VITA (Volunteer Income Tax Assistance) бағдарламасына белсенді қатысамын. Бұл бағдарлама аясында мұқтаж жандарға салық декларацияларын дайындауда тегін көмек беріледі. Әсіресе экономикалық тұрақсыздық кезінде бұл қызметтің маңызы зор. Біз түсініспеушілік салдарынан айыппұлдар мен заңдық проблемаларға тап болмауы үшін клиенттеріміздің салық міндеттемелерін дұрыс түсінуіне көмектесеміз.
Getty Images
АҚШ нарығына шығудағы қиындықтар
– Клиенттеріңіздің ішінде ең көп тараған қателіктер қандай? Әсіресе Қазақстаннан шыққан кәсіпкерлер қандай мәселелерге жиі ұшырайды?
– Көптеген адам LLC тіркеуін (оны Қазақстандағы ЖШС-мен тең көреді) автоматты түрде таңдап, соны жеткілікті деп ойлайды. Алайда АҚШ-та компанияның салықтық мәртебесін дұрыс таңдау маңызды. LLC серіктестік, C-корпорация немесе S-корпорация ретінде салық төлей алады, тіпті «сквозная организация» деп қарастырылып, салықтық міндеттемелеріне тікелей әсер етеді. Егер АҚШ резиденті емес адам LLC-ге иелік етсе және ол серіктестік немесе «сквозная организация» ретінде салық салынса, иесі АҚШ-та жеке салық декларациясын тапсыруға міндетті болады. Бұл қосымша салықтық әрі әкімшілік жүктемені арттырады.
Сондықтан мұндай жағдайда көбіне «блоктаушы құрылым» рөлін атқаратын C-корпорация пайдаланылады. Бұл модель инвесторлардың жеке салық декларациясын тапсыру міндетінен жалтаруға мүмкіндік береді, өйткені C-корпорация өзі корпоративтік салық төлейді: федералды деңгейде 21% және оған қоса штаттық салық. Ал егер C-корпорация дивидендтерді АҚШ резиденті емес акционерлерге төлесе, табыс көзінде 30% салық ұсталады. Бірақ АҚШ пен Қазақстан арасындағы қосарланған салықты болдырмау туралы келісім шарттарын орындаса, бұл мөлшерлемені 5%-ке дейін төмендетуге болады.
Тағы бір жиі кездесетін қателік – АҚШ резиденті емес тұлғалар FDAP (Fixed, Determinable, Annual, or Periodical income) деп аталатын пассивті кіріс салығын елеусіз қалдырады. Мысалы, АҚШ-тағы жылжымайтын мүлікті жалға беріп, одан табыс алатын немесе америкалық компаниялардан роялти алатын кәсіпкерлер кірістен бірден 30% ұсталғанын көріп, таң қалады. Себебі салық төлеу көзі табыс төлеуші мекеменің өзінде ұсталып қалады.
Сондай-ақ, Corporate Transparency Act (CTA) сияқты жаңа заңдарды да ескеру керек. 2024 жылы күшіне енген бұл заң бойынша барлық компаниялар түпкі бенефициарлары туралы мәліметті FinCEN-ге ашық көрсетуге міндетті. Бұл талапты көпшілік біле бермейді, ал құзырлы органдардан сұраныс келгенде бизнес иелері үшін күрделі мәселе туындайды.
Getty Images
– Нұркамила, корпоративтік салық салудан бөлек, халықаралық деңгейде жұмыс істейтін компаниялар трансферттік баға белгілеу (ТББ) талаптарына да тап болады. Бұл ТМД елдерінен шыққан, АҚШ-қа келетін кәсіпкерлер үшін қаншалықты өзекті?
– Өте өзекті. Әсіресе АҚШ-тағы бизнесін займ арқылы қаржыландыратын, табысты түрлі юрисдикцияға бөлетін немесе өзара байланысты компаниялардың арасында қызмет көрсететін кәсіпкерлер үшін маңызды.
Мысалы, егер қазақстандық компания америкалық компаниясына конвертацияланатын займ берсе, салық органдары: «Сыйақы мөлшерлемесі нарықтық шарттарға сай ма? Бұл расында займ ба, әлде жасырын капитал үлесі ме?» деген сауалдар қоюы мүмкін. Осындайда алдын ала құрылымды дұрыс ойластырмасаңыз, салықтық қосымша есептеулер мен айыппұлдар салыну тәуекелі жоғары.
Сонымен қатар, BEAT (Base Erosion and Anti-Abuse Tax) туралы да ұмытпаған жөн. Көпшілік оны тек жылдық айналымы 500 млн доллардан асатын ірі компанияларға ғана қатысты деп ойлайды. Бірақ салық органдары Қазақстанға төлемдер жасанды түрде салық базасын төмендету үшін пайдаланылып жатқанын байқаса, шағын бизнеске де назар аудара алады.
– Сіздің клиенттеріңіз үшін қандай негізгі салықтық оңтайландыру стратегияларын қолданасыз?
– Салық оңтайландыру бизнес құрылымына байланысты болады. Дегенмен басты стратегиялар – қосарланған салықты болдырмау туралы келісімді пайдалану, яғни дивидендтер, роялти мен сыйақы бойынша салық мөлшерлемелерін төмендету; әр штаттағы салық режімдерін саралап, бизнес тіркеуге қолайлы юрисдикцияны таңдау. Негізгі қағида – салықты алдын ала жоспарлау. Әйтпесе кейін бар мәселені постфактум шешу қиын әрі қымбатқа түседі.
Getty Images
Жеке тұлғалардың салық салу ерекшеліктері
– Қазақстандағы жеке тұлғалардың салық салу жүйесі мен АҚШ-тағы айырмашылық қандай?
– Қазақстанда шағын кәсіппен айналыса бастасаңыз, міндетті түрде жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркеліп, патент, жеңілдетілген декларация немесе бөлшек салық сияқты режимдердің бірін таңдауыңыз керек.
Ал АҚШ-та жүйе икемдірек. Міндетті түрде компания немесе жеке кәсіпкерлік ашу шарт емес – self-employed (өзін-өзі жұмыспен қамтыған) ретінде жұмыс істеуге болады. Мысалы, фрилансерлер, консультанттар және жеке мамандар табысын жеке салық декларациясында көрсетіп, жеке табыс салығы мен self-employment tax (15,3%) төлейді. Мұны іске асыру үшін LLC немесе корпорация ашудың қажеті жоқ.
АҚШ-тағы басты айырмашылық – прогрессивті салық шкаласы. Табысыңыз өскен сайын салық мөлшерлемесі де өседі. Ең төменгі ставка – 10%, ал табысыңыз жоғары болса, 37%-ға дейін жетуі мүмкін. Қазақстанда жеке табыс салығының мөлшерлемесі белгіленген (әдетте 10%), сондықтан үлкен кіріске ие болсаңыз да ставка өспейді.
Сондықтан да АҚШ-та салықтық жоспарлау маңызды рөл атқарады. Салық салынатын табысты төмендету үшін әртүрлі шегерімдер мен салық кредиттерін пайдаланып, бизнес шығындарын есептен шығарып, нәтижесінде салықты аз төлеуге мүмкіндік бар.
Getty Images
Салық заңнамасын сақтау
– АҚШ-тағы салық органдары заңның орындалуын қалай қадағалайды? Ережелерді бұзған компанияларға не болады?
– Егер есеп-қисапта қате кетсе немесе кешіктіріліп тапсырылса, айыппұл салынады. Елеулі бұзушылық болғанда аудит жүргізіліп, қосымша салық өндіріліп немесе сотқа жүгінуі мүмкін. Міндетті формаларды тапсырмау айыппұлдарының сомасы 25 мың долларға дейін жетеді. Ал әдейі салықтан жалтару – қылмыстық жауапкершілікке алып келуі мүмкін. Сондықтан декларацияны дер кезінде және дұрыс ұсынған маңызды.
Сот процестері мен мүлікті бағалау
– Сіздің қызметіңіздің бір бағыты – бизнес бағалау. Бұл салада қандай басты қиындықтар бар?
– Бизнес бағалау – нарықтық, қаржылық, заңдық факторлардың терең түсінігін талап ететін күрделі процесс. Жылдар бойы біздің компания активтерді, міндеттемелерді және даму перспективасын ескере отырып, компания құнын анықтауға бағытталған күрделі істерге қатысты. Әр жобаға жеке көзқарас керек, себебі әр штаттың өз заңдары мен федералды нормалары бар, оған қоса халықаралық стандарттарды да сақтау қажет. Дұрыс жасалған бағалау тараптарға сот немесе салық органдары тарапынан қосымша сұрақтар туындамауына және уақыт пен ақшаны үнемдеуге көмектеседі.
Getty Images
Салық салу және консалтингтің болашағы
– Кәсіби саладағы келешек жоспарыңыз қандай?
– Алдағы уақытта біз көрсететін қызметтер шекарасын кеңейткім келеді. Қазіргі таңда қызметкерлерім клиенттердің мүддесін IRS алдында қорғай алады, алайда мен заңды қорғау қызметін сот деңгейінде де қамту үшін мүмкіндіктерімізді күшейткім келеді. Сол себепті Non-Tax Attorney лицензиясын алуды жоспарлап жүрмін. Бұл біздің клиенттердің мүддесін тек салықтық кеңес беру деңгейінде ғана емес, сотта да толыққанды қорғауға жол ашады.
– Жаһандану мен цифрландыру жағдайында салық консалтингі мен кеңес беру қалай дамиды деп ойлайсыз?
– Заманауи технологиялар салық салуға деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп жатыр. IRS өз жұмысында жасанды интеллект пен Big Data талдауын қолданып, декларациядағы сәйкессіздіктер мен салықтан жалтару схемаларын жылдам анықтауда. Мәселен, ИИ жүйесі банктік транзакцияларды табыспен салыстырып, заңнан жалтаруға әрекет бар-жоғын анықтай алады. Бұл салық аудитін жылдамырақ және тиімдірек етеді.
Екінші жағынан, озық технологиялар салық консалтингіне жаңа мүмкіндіктер береді. Мен салықтық жүктемені оңтайландыру мен тәуекелдерді болжау үшін аналитикалық құралдарды тұрақты пайдаланамын. Цифрлық активтер (криптовалюталар, NFT және т.б.) қарқын алып келе жатқан тұста, үлкен деректермен жұмыс істей алатын білікті маманның рөлі айрықша маңызға ие болады.
Getty Images
Кеңестер мен ұсыныстар
Ең бастысы – жоспарламай, кездейсоқ қадамдар жасамау. АҚШ-та компания құрылымын немесе салықтық стратегияны таңдауда жіберілген қателіктер өте қымбатқа түсуі мүмкін. Мұнда есептілік талаптары қатал және салық жүйесі күрделі, сондықтан алдымен бизнесіңізге лайықты құрылымды анықтап алған жөн – бұл self-employed ретінде жұмыс істеу ме, әлде компания тіркеу ме. Барлығын соңғы сәтке қалдырмай, алдын ала жан-жақты зерделеу қажет. Дұрыс жоспарлау мен ережелерді білу айыппұл мен артық шығыннан қорғайды. Заңнаманың өзгерісін бақылап отыру да маңызды, өйткені бұл жүйені өз мүддеңізге тиімді пайдаланудың бірден-бір жолы.
АҚШ нарығына шығу – жай ғана компания тіркеу емес, жергілікті салықтық және құқықтық ерекшеліктерді толық түсіну. Бастапқыда жіберілген қателіктер қымбатқа түсуі мүмкін, сондықтан бизнестің құрылымын, салықтық стратегияны және бухгалтерлік есептілікті алдын ала ойластыру керек.
Америкадағы салық жүйесі күрделі, бірақ сауатты тәсіл қолдансаңыз, оны өз пайдаңызға жаратуға болады. Ең бастысы – заңдар мен ережелерді дұрыс түсіну, олардың өзгерістерін дер кезінде қадағалау және салық мәселелерін «кейінге» қалдырмау. Осы арқылы тек мәселені айналып өтіп қана қоймай, АҚШ-та берік те табысты бизнес құруға негіз аласыз.