Қазақстан мен Қытай сутегі технологияларын дамыту үшін күш біріктіруде

6336
Фотосурет: Gov

Қазақстанда сутегі энергетикасы саласындағы Ғылыми-техникалық инновациялық орталық құру туралы Меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды DKnews.kz.

2025 жылғы 20 наурызда Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Ильяс Б.Н. жетекшілік еткен қазақстандық делегацияның Пекин қаласына (Қытай) жасаған сапары аясында Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне қарасты РГП «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы», «China Energy Overseas Investment Co., Ltd.» компаниясы және Шанхай Цзяотун университеті арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Осы келісім аясында тараптар Абай облысы Курчатов қаласында Орталық Азиядағы сутегі энергетикасы саласындағы Ғылыми-техникалық инновациялық орталық құру туралы келісті. Бұл орталық сутегі технологиялары саласында зерттеулер жүргізу, озық шешімдерді энергетика секторына енгізу және сынақтан өткізу үшін негізгі ғылыми және технологиялық алаңға айналады.

Орталықты құрудың мақсаты – «жасыл» энергетика саласында халықаралық ынтымақтастықты дамыту, Қазақстанның сутегі технологияларындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жоғары білікті мамандарды даярлау, сондай-ақ инновациялық жобаларды іске асыруға серпін беру.

Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Ильяс Б.Н. былай деп атап өтті:

«Сутегі энергетикасы – жаһандық энергетикалық өтудің маңызды бағыттарының бірі. Қазақстан бұл салада айтарлықтай әлеуетке ие, ал Курчатовта орталық құру ғылым, технологиялар және өнеркәсіпті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатын болады. Жоба Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртек нейтралдылығына қол жеткізу стратегиясын жүзеге асыру мен энергетика секторында экологиялық таза технологияларды ілгерілету жолындағы маңызды қадам болады»

2024 жылғы 27 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің № 342 бұйрығымен Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі сутегі энергетикасын дамыту Концепциясы (әрі қарай – Концепция) бекітілді.

Концепция халықаралық парникті газдар шығарындыларын азайту жөніндегі міндеттемелерді орындауды, ұлттық көміртек нейтралдылығы мақсаттарына қол жеткізуді және қазіргі заманғы энергия көздеріне қолжетімділікті қамтамасыз етуді қамтиды. Негізгі назар сутегі технологияларын дамыту мен елдің энергетика секторында жаңа мүмкіндіктер құруға аударылған.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -