Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қытай Коммунистік партиясының Орталық комитеті Халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі Лю Цзяньчаомен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Кездесу барысында тараптар қазақ-қытай стратегиялық ынтымақтастығының кең ауқымды мәселелерін, оның ішінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ықпалдасудың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылады.
Сұхбаттастар елдер арасындағы саяси қатынастар дамуының оң динамикасын атап өтті. Қазақстан мен Қытай мемлекет басшыларының кездесулері барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асыруға, сондай-ақ алдағы биік және жоғары деңгейдегі іс-шаралар кестесіне ерекше назар аударылды.
«Қазіргі уақытта елдеріміздің қарым-қатынасы өзінің ең жақсы кезеңін бастан өткеруде және үлгілі сипатқа ие. Ізгі көрші әрі сенімді серіктес ретінде біз шынымен көпқырлы және өзара тиімді байланыстарды қалыптастыра алдық» Мұрат Нұртілеу
Бұған қоса сауда-экономикалық, инвестициялық және транзиттік-көліктік ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, сондай-ақ жоғары технологиялар саласындағы өзара ықпалдасуды дамыту және Қазақстаннан Қытайға шикізаттық емес экспортты арттыру мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ Министр Қытай Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда серіктесі екенін атап өтті, өткен жылы екіжақты тауар айналымы рекордтық 43,8 миллиард АҚШ долларына жетті және тұрақты түрде еліміздегі бес ірі инвестордың қатарына кіреді. Бүгінде қазақ-қытай инвестициялық жобаларының пулында жалпы құны шамамен 66,4 миллиард АҚШ долларын құрайтын 224 жоба бар, бұл шамамен 50 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Кездесу соңында тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты және көпжақты құрылымдар, оның ішінде БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және «Орталық Азия-Қытай» форматы шеңберінде тығыз үйлестіру мен өзара ықпалдасуды жалғастыруға келісті.