Қазақстан мен Словения келіссөздерінің қорытындысы: жаңа келісімдер мен бірлескен жобалар

2728
Фотосурет: Ақорда

Қазақстан мен Словения президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Наташа Пирц-Мусар екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Наташа Пирц-Мусар бастаған делегацияға құрмет көрсетіп, Қазақстанның Еуропадағы уақыт сынынан өткен сенімді серіктесі Словениямен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға бейіл екенін растады.

"Сіздің бұл сапарыңыз екі ел арасындағы өзара ынтымақтастыққа тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды. Жаңа ғана көптеген тақырыпты, оның ішінде халықаралық ахуалға байланысты кейбір нәзік мәселелерді талқылаған аса мазмұнды кездесу өткіздік. Біз екіжақты ықпалдастықты дамытуға ниетті екенімізді қуаттадық. Нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз" Қасым-Жомарт Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қарым-қатынастарға тың серпін беретін бағыттарды атап өтіп, Қазақстанда Словения бизнесіне қолайлы жағдай жасауға ниетті екенін жеткізді. Бұл үшін кәсіпкерлік қызметті реттеудің ашықтығын қамтамасыз ету, инвестицияны қорғау мен экономиканы әртараптандыру көзделіп отыр.

Мемлекет басшысы Астанада өтетін Қазақстан-Словения бизнес-форумына ерекше мән беретінін жеткізіп, аталған жиын екі елдің сауда-инвестициялық байланысын одан әрі кеңейтетініне тоқталды.

Наташа Пирц-Мусар Астанада қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

"Бұл сапар экономикалық ынтымақтастығымызды тереңдетуге септігін тигізеді деп ойлаймын. Аталған мақсатты екі ел де қолдайды. Бұдан да жоғары жетістіктерге жететінімізге сенімдімін. Оған біздің мол мүмкіндігіміз бар. Елдеріміз арасындағы тауар айналымы жыл сайын артып келеді. Өзіңіз айтқандай, Словенияның Қазақстан экономикасына салған инвестициясының көлемі 200 миллион долларға жетті. Бірақ әлеуетіміз бұдан да зор. Осы себепті Астанаға менімен бірге Словенияның жетекші 25 компаниясынан құралған үлкен бизнес-делегация келді. Мен бұған қуаныштымын" Словения Президенті

Тараптар сауда, инвестиция, көлік-логистика, маңызды минералдар, цифрландыру, жасанды интеллект, денсаулық сақтау және туризм сияқты перспективті салалардағы ықпалдастықтың бірқатар мәселесін қарастырды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша президенттер Бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Ресми делегация мүшелері төмендегідей құжаттарға қол қойды.

  1.  Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Словения Республикасы Жоғары білім, ғылым және инновация министрлігі арасындағы білім және ғылым саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
  2.  Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Словения Республикасы Экономика, туризм және спорт министрлігі арасындағы туризм саласы бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
  3.  Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Словенияның Сауда-өнеркәсіп палатасы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -