Қазақстан мен Словенияның СІМ басшылары екіжақты ынтымақтастықты кеңейтудің болашағын талқылады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Словения Президенті Наташа Пирц-Мусардың Қазақстанға ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Словения Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы және еуропалық істер министрі Таня Файонмен кездесу өткізді.
Тараптар Қазақстан мен Словения арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері мен келешегін талқыланды. Сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға және екі елдің іскерлік орталары үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылды.
Министрлер Словения президентінің сапары аясында өтетін бизнес-форумның байланыстарды кеңейтуде маңызды қадам болатынына сенім білдірді. Осы тұста көлік және логистика, фармацевтика, жасыл энергетика, су ресурстары мен телекоммуникация салалары басым бағыттар ретінде аталып өтті.
«Астана Орталық Еуропа мен Еуропалық одақтағы маңызды серіктес ретінде Люблянамен байланысты жоғары бағалайды. Көптеген мәселелер бойынша ортақ мүдделеріміз бар, атап айтқанда транзит-көліктік әлеуетімізді өзара тиімді пайдалана аламыз» Мұрат Нұртілеу
Сыртқы саяси ведомстволар басшылары сондай-ақ көпжақты форматтағы конструктивті өзара іс-қимылды атап өтіп, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша «сағат теңестірді». Бұл бағытта Астана мен Люблянаның БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық қағидаттарын сақтаудың маңыздылығы бойынша ұстанымдарының жақындығы айтылды.
М.Нұртілеу Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталық құруда, сондай-ақ Қазақстан азаматтары үшін Еуропалық одақтың визалық режимін жеңілдету бойынша келіссөздерді бастауға Еурокомиссияның мандатын алуда білдірген қолдауы үшін словен тарапына алғыс білдірді.
Өз кезегінде Т.Файон Словенияның Қазақстанмен өзара қызығушылық тудыратын барлық салаларда көпқырлы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі ниетін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту жөніндегі күш-жігер туралы уағдаласты.