Қазақстан мен ЕО стратегиялық серіктестікті нығайтуда, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу елімізге жұмыс сапарымен келген Еуропалық одақтың Орталық Азия жөніндегі Арнайы өкілі Эдуардс Стипрайсты қабылдады.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру, экономикалық байланыстарды нығайту, инвестициялық өзара іс-қимыл және өңірлік қауіпсіздік тақырыбын қоса алғанда, екіжақты және өңірлік ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.
Тараптар Орталық Азияға арналған ЕО стратегиясы аясында диалогты жалғастырудың және орнықты даму, цифрландыру мен климаттық күн тәртібі саласындағы бірлескен бастамаларды іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Жасыл трансформация және өңірдің Еуропалық одақпен көлік-логистикалық байланыстылығы мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға бағытталған жобаларды іске асырудың маңыздылығы баса айтылды.
Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы Еуроодақпен серіктестікті тереңдетуге бейілділігін растай отырып, осы аптада Самарқандта өтетін «Орталық Азия - Еуропалық одақ» саммитінің маңыздылығына назар аударды.
Өз кезегінде Э.Стипрайс Қазақстан мен ЕО арасындағы өзара іс-қимылдың қарқынды дамуын жоғары бағалап, өңіраралық ынтымақтастықты дамытуда және маңызды инфрақұрылымдық әрі экономикалық жобаларды іске асыруда еліміздің жетекші рөлін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты және өңірлік күн тәртібіндегі барлық өзекті мәселелер бойынша сындарлы диалогты жалғастыруға уағдаласты.
Еуропалық одақ – Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі. 2024 жылы ҚР мен ЕО арасындағы тауар айналымы 49,7 млрд АҚШ долларын құрады (+16,9%), оның ішінде Қазақстанның ЕО-ға экспорты – 38,6 млрд доллар, импорты – 11,1 млрд доллар. 2005 жылдан 2024 жылғы 9 айға дейінгі кезеңде ЕО елдерінен Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 200,7 млрд долларды құрады, бұл Қазақстанға құйылған барлық тікелей шетелдік инвестициялардың (419,5 млрд доллар) 47,8%-ын құрайды. 2024 жылдың 9 айында ЕО-дан Қазақстанға тікелей инвестициялар көлемі 6,4 млрд доллар немесе жалпы көлемнің 50,4%-ын құрады. Қазақстанда еуропалық капиталдың қатысуымен 3 мыңнан астам компания жұмыс істейді.