Амманда цифрлық экономика саласындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшісі Талғат Шалданбай Иорданияның Цифрлық экономика және кәсіпкерлік министрі Сами Смейратпен кездесті.
Сұхбат барысында тараптар ақпараттық-коммуникация саласындағы ағымдағы өзара іс-қимылды, атап айтқанда, электрондық үкімет аясындағы ынтымақтастық мүмкіндігін, тәжірибе алмасу перспективаларын және екі ел делегацияларының өзара сапарларын жүзеге асыруды талқылады.
Тараптар Қазақстан мен Иорданияның уәкілетті органдарының өзара іс-қимылын әрі қарай жандандыруға мүмкіндік беретін Ақпараттық-коммуникация саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға үстіміздегі жылғы ақпан айында Амман қаласында қол қойылуын қанағаттанушылықпен атап өтті.
Елші иордан IТ-кәсіпкерлері мен осы саладағы тиісті инвесторлардың ү.ж. 26-27 тамызда елімізде өтетін Қазақстан-Иордания бизнес-форумына қатысуының орындылығы жөнінде пікір білдірді. Сонымен қатар, С. Смейратқа ү.ж. мамырда Астана қаласында ұйымдастырылатын Астана халықаралық форумына (AIF-2025) шақыру табысталды.
Иорданияның Цифрлық экономика және кәсіпкерлік министрі шақыруды ризашылықпен қабыл алды және Қазақстанмен әрі қарай ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытты.