Қытайдың Қазақстандағы Елшісі — АҚШ-тың «өзара тарифтік» саясаты және жаһандық сауданы қорғау туралы

Фотосурет: imago images/Dreamstime

DKnews.kz ақпарат агенттігіне арнаған эксклюзивті мақаласында Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь АҚШ-тың біржақты тарифтік саясатына қатысты Бейжіңнің ресми ұстанымын бөлісіп, бұл саясаттың әділетті халықаралық сауда қағидаттарын бұзатынын және көпжақты экономикалық жүйенің негіздерін шайқалтып отырғанын атап өтті. Елші АҚШ-тың бұл әрекеттері жаһандық рецессия қаупін күшейтіп, бүкіл әлемдік сауданың тұрақтылығына нұқсан келтіретінін баса айтты. Қытай, өз егемендік мүдделерін табанды түрде қорғай отырып, ашық, инклюзивті және өзара тиімді ынтымақтастықты жақтайтынын жеткізді. Мақалада Қытай мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейі, тығыз сауда-экономикалық ынтымақтастық және ДСҰ қағидаттары мен өзара құрмет негізінде құрылған жаһандық тәртіпті қолдаудағы бірлескен күш-жігердің маңыздылығы ерекше аталып өтті.

АҚШ пен «өзара тарифтер» саясаты: нөлдік сома ойыны

Соңғы уақытта АҚШ дүниежүзіндегі сауда серіктестеріне қарсы «өзара тарифтер» деп аталатын шараларды енгізіп, оларды «әділеттілік» пен «өзаралық» ұраны астында негізсіз түрде қысым көрсету құралына айналдырды. Бұл біржақты күш көрсету мен экономикалық бопсалаудың көрінісі. Бұл қадамдар көпжақты келіссөздер нәтижесінде қалыптасқан тепе-теңдікті елемейді және АҚШ-тың халықаралық саудадан бұрыннан келе жатқан пайдасын жоққа шығарады. Мұндай әрекеттер ДСҰ-ның ең қолайлы режим мен кемсітпеу қағидаларын бұза отырып, жаһандық сауда жүйесін елеулі қауіпке ұшыратады. 1930 жылы қабылданған Смута—Хоули заңы жаһандық тарифтік соғысты туғызып, әлемдік экономиканы ұзаққа созылған рецессияға итермелегені тарихтан белгілі. Сол қателікті бүгін қайталауға болмайды.

Дүниежүзілік саудада «жабайы кезеңге» оралу қаупі

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ жаһандық экономикалық жүйенің құрылуына жетекшілік етіп, ең үлкен үлеске ие болды. Глобализация американдық трансұлттық компанияларға зор пайда әкеліп, тұтынушыларды арзан тауармен қамтамасыз етті және доллардың жаһандық мәртебесін нығайтты. Алайда, АҚШ-тың сауда теңгеріміндегі тапшылығы — ішкі жинақ пен тұтыну құрылымының теңгерімсіздігінің нәтижесі. Бұл тапшылықты тарифтер арқылы шешу мүмкін емес. Дональд Трамптың бірінші президенттік мерзімінде Қытайға қарсы «301-бап» негізінде тарифтер енгізілсе де, сауда тапшылығы 2017 жылғы 792,4 млрд доллардан 2020 жылы 901,5 млрд долларға дейін өсті. Сонымен қатар, АҚШ тауарлар саудасында тапшылыққа ие болса да, қызмет көрсету саласында айтарлықтай артықшылыққа ие. АҚШ-тың «өзара тарифтер» түріндегі экономикалық бопсалауы өздеріне зиян келтіреді. Мәселен, Йель университетінің Бюджеттік зертханасы 20%-дық тарифтер орташа американдық отбасыға жылына шамамен 4200 доллар шығын келтіретінін болжайды. Бұл саясат АҚШ-тың қор нарығындағы құлдырауға да әкелді, ал Goldman Sachs компаниясы рецессия ықтималдығын 20%-дан 35%-ға дейін көтерді.

Қытайдың жауапты ұстанымы және бірлескен шаралар

АҚШ-тың «өзара тарифтер» саясатына жауап ретінде Қытай өз егемендігін, қауіпсіздігін және даму мүдделерін қорғау үшін шешімді қарсы шаралар қабылдайды және қабылдай бермек. АҚШ уәделерін жиі бұзады, басқа елдерге қысым көрсетіп, саясатын жиі өзгертеді. Мұндай жағдайда келісім мен ымыра шын мәнінде АҚШ-тың деструктивті әрекеттерін ынталандырады. Мұндай қыспақ алдында барлық елдер осал, сондықтан халықаралық қауымдастық бірігіп, достық кеңес, кемсітпеу, ашықтық пен өзара құрмет қағидаларын ұстануы қажет.

Қазақстанмен прагматикалық ынтымақтастықты тереңдету

Әлемдік экономиканың тұрақты өсуі мен жалпы өркендеу үшін жаһандық сауда тәртібін сақтау – басты міндет. Мәселені шешудің ең тиімді жолы — көпжақты ынтымақтастық. Қазақстан – «Бір белдеу, бір жол» бастамасының алғашқы қолдаушысы және бұл бастаманың сапалы жүзеге асуына белсенді атсалысып келеді. Қытай мен Қазақстан — достас, көршілес елдер, ортақ таулар мен өзендер арқылы байланысқан, ортақ тағдырмен ұштасқан халықтар.

Екі ел арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік тұрақты түрде дамып келеді. 2024 жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда көлемі 43,82 миллиард АҚШ долларына жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 6,8%-ға өсті. Қытай мен Қазақстан – ДСҰ мүшелері ретінде БҰҰ-ны негіз еткен халықаралық жүйені, ДСҰ қағидаттарына сүйенген көпжақты сауда тәртібін қолдауға және сауда дауларын келіссөздер мен диалог арқылы шешуге бірге атсалысуы керек.

Сонымен қатар, ШЫҰ, БРИКС және ДСҰ сияқты көпжақты алаңдарда өзара ұстанымдарды үйлестіруді күшейту маңызды. Қытайдың ұзақ мерзімді экономикалық өсімінің негіздері тұрақты әрі үміт күттірерлік. 2024 жылы Қытайдың ЖІӨ көлемі шамамен 135 триллион юаньды құрап, 5%-дық өсімге жетті. Бұл – әлемдік экономикалық өсімнің 30%-ын қамтамасыз ететін зор үлес. 2025 жылға Қытай экономикасының 5%-дық өсімге қол жеткізуі межеленіп отыр. Биылғы бірінші тоқсандағы 6% өсім Қытай экономикасының серпінділігі мен тұрақтылығын дәлелдеді. Қытай халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, шынайы көпжақтылық қағидаттарына берік болып қала береді. Ел институционалдық ашықтықты, сауда және инвестициялық процедураларды жеңілдетуді, жоғары деңгейлі нарықтық және құқықтық ортаны қалыптастыруды жалғастыра береді. Қытай Қазақстанмен бірлесе отырып, сауда-инвестициялық процедураларды жеңілдетуді ілгерілетіп, даму мүмкіндіктерінен бірге пайда көруге, өзара тиімділікке қол жеткізуге дайын. Қытай мен Қазақстан арасындағы практикалық ынтымақтастық одан әрі тереңдей түсіп, халықтарымыздың игілігі үшін жаңа жетістіктерге жол ашсын.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -