Қытай серіктестерін өзіне тарта отырып, «АҚШ-сыз жартылай жаһандану» бағытын ілгерілетуі мүмкін, алайда қауіпсіздік мәселесінде аймақ елдері әлі де АҚШ-қа сенім артады.
АҚШ-тың Трамп әкімшілігі енгізіп жатқан жаңа тариф саясаты Қытайға аймақтық мемлекеттер мен бұрынғы америкалық одақтастарды өз жағына тартуға стратегиялық мүмкіндік беруі мүмкін. Алайда сарапшылардың айтуынша, қауіпсіздік мәселесінде АҚШ-тың аймақтағы орны әлі де ерекше.
АҚШ-тың жаңа «тең тарифтер» саясаты тек Қытайға ғана емес, оның одақтастарына да бағытталып отыр. Бұл жағдай әлемдік сауда құрылымында жаңа өзгерістерге жол ашып, Қытайдың қатысуымен «АҚШ екінші орынға ығыстырылған жаһандану» немесе «АҚШ-сыз жартылай жаһандану» үрдісінің пайда болуына себеп болуы мүмкін. Қытай бірқатар мемлекеттермен екіжақты қатынастарын нығайта отырып, жаңа экономикалық ынтымақтастық үлгісін қалыптастыруға бет алды.
АҚШ-тың тарифтік соққысы – Оңтүстік-Шығыс Азия басты нысана
АҚШ енгізген жаңа кедендік баждар ең алдымен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерін ауыр соққыға ұшыратты. АСЕАН-ға мүше он елдің алтауы 30 пайыздан жоғары тарифке ілікті:
- Камбоджа – 49%
- Лаос – 48%
- Вьетнам – 46%
- Мьянма – 44%
- Таиланд – 36%
- Индонезия – 32%
Бұл тарифтер кездейсоқ емес. Сарапшылардың пікірінше, АҚШ осылайша Қытай өнімдерінің Оңтүстік-Шығыс Азия арқылы «шығу тегін жасырып» өз нарығына өтуіне тосқауыл қойғысы келеді. Сонымен қатар, бұл шаралар өндірісті АҚШ-қа қайтару ниетімен де байланысты.
Алайда бұл тарифтер АҚШ-тың одақтастарына да әсер етті: Жапония (24%), Оңтүстік Корея (25%) және Еуроодақ (20%) да қосымша кедендік алымдармен бетпе-бет келді. Бұл мемлекеттермен салыстырғанда тариф мөлшері төмен болғанымен, Вашингтонның экономикалық саясатынан туындаған алаңдаушылық оларда да бар.
Қытай – балама орталық ретінде: АСЕАН-пен байланыс тереңдеуде
Сингапурдағы Юсоф Исхақ атындағы Оңтүстік-Шығыс Азияны зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Ли Лянфудың айтуынша, егер АҚШ тарифтік қысымды күшейтетін болса, Еуропа елдері, Жапония және Оңтүстік Корея сынды одақтастар Қытаймен экономикалық қатынасты жақсартуға ниетті болуы мүмкін. Дегенмен, геосаяси келіспеушіліктер мұндай ынтымақтастықты шектейді.
Ал АСЕАН аясында Қытайдың ықпалы арта түсуде. Қос тарап бұрыннан бір-бірінің басты сауда серіктестері болып келеді. Бұл өзара байланыс алдағы уақытта да тереңдеуі мүмкін. Ли Лянфу болашақта АҚШ екінші орынға ығысқан жаңа жаһандану моделі қалыптасуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бірақ, оның айтуынша, инвестиция саласында АҚШ-тың рөлі әлі де жоғары: 2023 жылдың соңына қарай АҚШ-тың АСЕАН елдеріне тікелей инвестициясы 480 миллиард долларды құрады – бұл Қытай, Жапония, Корея және Тайваньға салынған инвестицияның жиынтық көлемінен де көп.
«Жартылай жаһандану» және юаньның рөлі
Қытай Халық университеті жанындағы Еуроодақты зерттеу орталығының директоры Ван Ивэй де АҚШ-тың тариф саясаты әсіресе шағын мемлекеттерге ауыр тиіп жатқанын атап өтеді. Мұндай жағдай оларды ірі экономикалық орталықтармен, соның ішінде Қытаймен ынтымақтастықты күшейтуге итермелейді.
Оның пікірінше, АСЕАН-ға мүше елдер Қытаймен екіжақты сауданы кеңейтіп, аймақтық кооперацияны да жандандырады. Бұл Қытай мен АСЕАН арасындағы еркін сауда туралы келісімнің 3.0 нұсқасының тезірек қабылдануына және іске асуына, сондай-ақ RCEP – Аймақтық жан-жақты экономикалық әріптестік аясындағы ынтымақтастықтың тереңдеуіне жол ашуы мүмкін.
Еуропаға келсек, Еурокомиссия қазірше АҚШ жағына бет бұрып отыр. Алайда Қытай кейбір елдермен жеке байланыс орнатуға ұмтылуда. Мысалы, осы айда Испания премьер-министрінің Қытайға сапары жоспарланған, ал Швеция мен Ұлыбритания Қытаймен қарым-қатынасты жақсартуға мүдделі.
Ван Ивэй сондай-ақ халықаралық саудадағы доллардың рөліне тоқталып, қазіргі жағдайда долларсыздану (дедолларизация) процесі жеделдей түсіп, юаньның интернационализациясына мүмкіндік туады дейді. Оның пікірінше, АҚШ-тың тарифтік саясатының тиімді болуы – жаһандық сауданың негізінен доллармен есептелуінде. Егер бұл жүйе өзгерсе, америкалық санкциялардың және тарифтердің әсері әлсіреуі мүмкін.
Қауіпсіздік мәселесінде АҚШ-тың орны әлі де маңызды
Экономикалық байланыстардың Қытайға қарай ойысқанына қарамастан, сарапшылар қауіпсіздік мәселесінде АҚШ-тың орны ерекше екенін алға тартады. Вашингтонның экономикалық саясаты тұрақсыз болса да, оның аймақтағы әскери және стратегиялық рөлі әлі күнге дейін маңызды.
Ли Лянфу Юсоф Исхақ институтының «Оңтүстік-Шығыс Азия ахуалы: 2025» атты соңғы баяндамасын мысалға келтіріп, егер аймақ елдері Қытай мен АҚШ арасында таңдау жасауға мәжбүр болса, биылғы сауалнамада АҚШ-ты қолдағандар саны қайтадан басым түскенін айтады. Былтыр алғаш рет Қытай сәл ғана басымдықпен алға шыққан еді.
Оның пікірінше, Оңтүстік Қытай теңізіндегі Қытай мен Филиппин кемелерінің қақтығысы, сондай-ақ трансшекаралық алаяқтық істеріне Қытай компанияларының қатысуы – Қытайдың аймақтағы имиджіне кері әсерін тигізіп отыр.
«Аймақта экономика мен қауіпсіздік – екі түрлі бағытта дамып келеді. АҚШ-тың экономикалық саясатындағы тұрақсыздыққа қарамастан, оның қауіпсіздік саласындағы қатысуы әлі де құнды», – дейді ол.
Қытайдың сыртқы саясаты: одақтарсыз серіктестік
Ван Ивэй Қытайдың сыртқы саясаты «одақтарсыз серіктестікке» негізделгенін атап өтеді. Бұл дегеніміз – қауіпсіздік саласында АҚШ-пен одақтас елдер Қытаймен басқа салаларда, мысалы, электрондық коммерция, деректердің трансшекаралық ағыны сияқты бейдәстүрлі бағыттарда ынтымақтастықты кеңейте алады деген сөз.
Айта кетейік, осы айдың ортасында Қытай төрағасы Си Цзиньпин Камбоджа, Вьетнам және Малайзияға ресми сапармен барады деп күтілуде. Бұл – Си Цзиньпиннің биылғы алғашқы шетелдік сапары. The Diplomat журналының пікірінше, Қытай басшысы осы сапар арқылы елін сенімді әрі тұрақты серіктес ретінде көрсетіп, АҚШ-тың құбылмалы саясатына қарама-қарсы бейнеде көрсетуге тырысады.