АҚШ Қытайды жаһандық жеткізу тізбектерінен ығыстыруға бағытталған қысымды күшейтіп отыр. Алайда жапондық сарапшылардың пікірінше, «ABC» (Anything But China — «Қытайдан басқа кез келген ел») деп аталатын стратегияның табысқа жетуі екіталай.
2018 жылы басталған сауда соғысынан кейін Вашингтон Қытай компанияларына экспорттық шектеулер енгізіп, зияткерлік меншік қауіптері жөніндегі алаңдаушылығын күшейтті. Қытай жағы өз кезегінде ұлттық қауіпсіздік пен қарсыбарлау заңдарын қатайтып, ал экономикасы бірқатар ішкі қиындықтарға тап болды.
АҚШ-тың бірқатар компаниялары Қытайдағы өндіріс пен сатып алуды басқа елдерге, әсіресе Оңтүстік-Шығыс Азияға көшіруді бастап кетті. Соңғы серпін 2 сәуір күні АҚШ үкіметі Қытайдан әкелінетін тауарларға 34 пайыздық «айна баж салығын» енгізу туралы шешім қабылдағанда байқалды. Бұл қадам «Қытайдан басқа кез келген ел» ұранын нақты саясатқа айналдырып, америкалық компанияларды өндірісті не баж салығы төмен елдерге көшіруге, не АҚШ ішіндегі инвестицияларын арттыруға итермеледі.
Алайда сарапшылардың пайымдауынша, Қытаймен жеткізу тізбегін толық үзу — шын мәнінде орындалуы мүмкін емес, әрі көбіне саяси көрініске айналған мақсат қана.
Қытай — жаһандық жеткізу тізбектерінің өзегі
Қытай ендігі тек арзан тауарлар өндіретін ел емес. Ол әлемдік жеткізу тізбегінің маңызды буынына айналып, жасанды интеллект сияқты озық технология салаларында бәсекеге қабілетті ойыншы болды. Мәселен, электроника өндірісінде Қытай 13 маңызды шикізаттың 5 түрін өндіруде көш бастап тұр. Ал өңдеу мен тазарту сияқты аралық кезеңдерде Қытайдың басымдығы тіпті күштірек.
Қытай бүгінде әлемдегі сирек жер элементтерін өңдеудің 90 пайызына, литийдің 60 пайызына, кобальттың 68 пайызына және табиғи графиттің 90 пайызына ие. Бұл ресурстар — жартылай өткізгіштер, электромобиль қозғалтқыштары, жел турбиналары мен зымыран бағыттау жүйелері сияқты технологиялар үшін шешуші мәнге ие. Литий, кобальт және никель — компьютерлер, ұялы телефондар, энергия сақтау құрылғылары мен аэроғарыштық технологияларда кеңінен қолданылады. Графит болса — литий-ион аккумуляторларының ажырамас бөлігі.
Сондықтан өндіріс Вьетнамға, Индонезияға немесе Үндістанға көшірілсе де, компаниялар Қытай шикізатына тәуелді болып қала береді.
Альтернатива елдердегі шығын мен тәуекелдер
Вьетнам, Индонезия және Үндістан сияқты елдер Қытайды алмастыра алатын орталық ретінде қарастырылып отырғанымен, олардың инфрақұрылымы, еңбек нарығының икемділігі мен саяси тұрақтылығы Қытайдан әлдеқайда әлсіз.
Қытай ондаған жыл бойы өндірісті кең көлемде жүргізу арқылы, шетелдік инвестиция тартуға қолайлы экожүйе қалыптастырды. Бұл — өндіріс шығындарын күрт азайтуға мүмкіндік беретін фактор. Басқа елдерде мұндай ауқымға жету үшін кемінде бірнеше онжылдық қажет болады. Бұған қоса, қытайлық компаниялар да өз кезегінде Оңтүстік-Шығыс Азияға еніп жатыр. Бұл — әртараптандыру шекараларын одан әрі көмескі етеді.
Сондықтан басқа елдерге көшкен батыстық кәсіпорындар Қытайдың шикізаты мен өндірістік қуатына бұрынғыдай тәуелді болып қала береді.
АҚШ пен Қытай арасындағы қаржылық өзара байланыс
Қытай экономикасының өрлеуі тек өндірістік қуатпен ғана емес, жаһандық қаржы жүйесімен терең ықпалдастық арқылы қамтамасыз етілді. Бүгінгі жаһанданған экономика Қытайдың өндірістік мүмкіндігі мен АҚШ-тың қаржылық капиталы арасындағы теңгерімге негізделген.
Қазіргі бәсекелестікке қарамастан, көптеген америкалық қаржы ұйымдары, соның ішінде ірі активтерді басқару және жеке инвестициялық қорлар, Қытай компанияларына қаржы құюды жалғастырып келеді. Бұл инвестициялар Қытай кәсіпорындарына ауқымды өндіріс құруға мүмкіндік беріп отыр.
Егер АҚШ үкіметі өз қаржы құрылымдарын Қытайдан жүйелі әрі ауқымды түрде алып кетіп, оларды Азияның басқа елдеріне немесе Латын Америкасына бағыттамаса, онда «ABC» стратегиясының табысқа жетуі мүмкін емес.
«ABC» тек ұран күйінде қала ма?
Иә, АҚШ-тың Қытайға қарсы саясаты күшейіп келеді: баж салығын арттыру, аймақтағы серіктестермен одақ құру (соңғы кезде Филиппин мен Жапонияға жасалған ресми сапарлар соның дәлелі), Қытайға қатысты қатаң ұстанымдағы тұлғаларды маңызды лауазымдарға тағайындау — мұның бәрі Қытай ықпалына қарсы тұруға бағытталған.
Алайда капиталды кең көлемде қайта бөлу жүзеге аспайынша, өндіріс пен жеткізу жүйесінде балама инфрақұрылым құрылмайынша, Қытайдан толық бас тарту мүмкін емес.
Демек, «ABC» — саясаткерлердің аузында жүрген ұран ғана болып қалуы мүмкін.